Фото: Pixabay
Ақмола облысында подполковник есіртік сатумен айналысқан, деп хабарлады Qazaq.today ақпарат агенттігі.
Подполковниктің мәселесі Ақмола гарнизонының әскери сотында қаралды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің ҚК 297-бабы 2-бөлігі “Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу” бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Сотталушы подполковник М-ны полиция қызметкерлері ұстады. Ол тұрғын үйлердің терезелеріндегі металл торларға «хэш майы» есірткі заты бар пластикалық колбаларды магниттермен бекітіп жатқанда ұсталды», — дейді ведомство.
“Сот үкімімен сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 2-бөлігі бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол әскери атағынан айырылды”,- дейді әскери сот.
Жәбірленушілердің өтемақы қорына 69 000 теңге мөлшерінде мәжбүрлеп төлем өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.