5 облыста үсік жүреді: 27 мамырға арналған ауа райы болжамы

«Қазгидромет» синоптиктері 27 мамыр, дүйсенбіге арналған ауа райы болжамын жариялады, – деп хабарлайды Qazaq.today. 

Бүгін ел аумағының басым бөлігінде күн райына циклон және онымен байланысты суық атмосфералық ағындар әсер етеді. Соған байланысты түнде жауын-шашын болып, елдің шығысында, солтүстік-шығысында қатты жаңбыр күтіледі.

Республиканың оңтүстігі антициклонның әсерінен күн ашық, жауын-шашынсыз болады.

Ел аумағы бойынша екпінді жел соғып, найзағай ойнайды, елдің солтүстігінде бұршақ жауады, орталығында дауыл тұрып, оңтүстік-шығыста түнде тұман түседі.

Түнде Ақмола, Қарағанды облыстарының батысында, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облыстарының солтүстігінде, Түркістан облысының солтүстігінде топырақ бетінде, таулы аудандарында 1-2 градус үсік жүреді.

Қостанай облысының оңтүстігінде, Атырау облысының батысында, оңтүстігінде, Қызылорда облысының шығысында, Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстік-батысында, Абай облысының орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.

Абай облысының оңтүстігінде, Жетісу облысының шығысында, Түркістан облысының шөлді аудандарында төтенше өрт қаупі сақталады.