Нүкенованың ар-намысына тиетін ақпарат таратқан журналист сотталды

Экс-министр Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген журналист Антон Бударов сотталды.

Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі хабарлайды.

14 желтоқсанда журналист Антон Бударов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Салтанат Нүкенованы қаралап, жазба жариялаған.

«Мен Бишімбаевтың әйелі Салтанатты жәбірленуші деп санамаймын. Ол нағыз абьюзер, күйеуімен ішімдікке салынып, төбелес шығарған. Барып тұрған алаяқ, астрология курсын сатқан. Қарапайым есірткіқұмар отбасы, ол әйел нағыз оңбаған», – деп жазған Бударов.

Журналистке қатысты сот үкімі туралы адвокат Дамир Ишмаметов хабарлады. Оның айтуынша, 2024 жылдың 20 мамырында Бостандық аудандық соты Бударовтың Салтанат Нүкенова туралы жазбасын жалған деп таныды.

«Бударов Антон Юрьевич көпшіліктің алдында жария түрде өзінің таратқан ақпаратын жоққа шығаруға міндеттелді. Сонымен қатар, сот шығындарына жұмсалған 650 мың теңгені Амангелді Айтбекке қайтаруы тиіс», – деп мәлімдеді қорғаушы.