Енді несие аларда ерлі-зайыптылардың өзара келісімі керек болады

Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов алынатын несие сомасы 3,7 млн теңгеден артық болған жағдайда ерлі-зайыптылардың өзара келісімі керек екенін айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

«Банктер мен микроқаржылық ұйымдар 1 мың АЕК-тен жоғары кепілсіз тұтынушылық несие бермес бұрын жеке тұлғалардың жұбайының келісімін сұрауға міндеттеледі. АХАЖ базасы бар. Егер де онда адамның некеде тұрғаны туралы деректер болса, оған тиісті талап қойылады. Базада мұндай деректер көрсетілмесе, мұндай талап болмайды», — деді сенатор Сергей Карплюк Сенат кулуарында.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов бұл норма әзірге нормативтік-құқықтық актінің жобасында ғана екенін атап өтті.

«Алдын ала 1000 АЕК мөлшерін белгіледік. Бұл 3 млн 700 мың теңге. Біз бұл сома шұғыл шығындарды жабуға жеткілікті деп ойлаймыз, оның ішінде медициналық көмек көрсетумен байланысты шығындар бар. Екіншіден, неге 1000 АЕК белгіленді дегенге келсек, Салық кодексі аясында 2025 жылдан бастап Қазақстан азаматтары 1000 АЕК-тен асатын активтерін міндетті түрде декларациялауы тиіс деген норма күшіне енеді», — деп түсіндірді Олжас Қизатов.