Фото: aigul_imanbayeva инстаграм парақшасынан
Жақында Лондон қаласынан оқудан оралған әнші Айгүл Иманбаева Qazaqstan.tv арнасының «1001 түн» бағдарламасында қонақта болды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Ол алған білімін, тәжірибесін тәрбиелеп отырған шәкірттеріне жұмсайтынын жеткізді.
«Кім қандай мақсатта баратынын, оқып келетінін мен білмеймін. Жалпы менің мақсатым, қай жерде отырайын, қай жерде жүрейін маған өнер деген жолды Құдай маңдайыма аманат қып берді ма, мен осы жолда да қызмет ете аламын.
Менің өзімнің АИ академиям бар, АИ театрым бар, мемлекеттік университетте АИ шеберханам бар. Мен жасайтын жұмыс көп. Сол себепті де қазір мен жиып-теріп әкелген энергиямды да, ойымды да талан-таражға түсірмей, үйренгенімнің бәрін, жазатынын жазып келдім, соның бәрін шәкірттеріме беремін. Әр өнер адамының арқалап жүрген миссиясы бар, жолы бар. Менің миссиям – алдымда 500 шәкірт отыр, оқушысы бар, студенті бар, шәкірті бар, сол ұрпақтың өресі биік болуы, білімді болуы, талантты болуы. Оның нәтижесін Димаш көрсетті, яғни Димаштан асып түсетін, Димаштың деңгейінде жүретін қазақта өресі де биік, білім де жоғары талантты ұл-қыздары жетеді. Оларды жол көрсетіп тәрбиелейтін кім? Яғни өресі бар, білімі бар, таланты бар ұстаз. Мен өзімді сол қатардан көремін», — деді Айгүл Иманбаева.
Еске салайық, әнші жуырда ғана Лондоннан оралды. Ол бір жыл бойы «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда оқып келді. Алайда, оны» жасы елуге жақындағанда мемлекеттің ақшасына шетелде оқуға кетті» деп сынаушылар аз болмады.