ҚМО Бишімбаевтың байлығын тексеруі мүмкін

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Қуандық Бишімбаевтың отбасы мен туыстарының активтері қаншалық заңды екенін тексеруге дайын. Бұл туралы аталған ведомство төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Бүгін Парламент Мәжілісінде болған баспасөз мәслихатында тілшілер Қ.Бишімбаевтың жақын туыстарына тиесілі активтердің заңдылығын тексеру бойынша петиция аясында тиісті тексеру жүргізу мүмкіндігі туралы сұрақ қойды.

Бұл тұрғыда Жеңіс Елемесов активтердің заңдылығына қатысты тексерулер елімізде тұрақты түрде іске асырылып жатқанын айтты, деп жазды Kazinform.kz.

«Қазір бізде тіркелген қылмыстық іс жоқ. Бірақ біз заңсыз жолмен алынған қылмыстық кірістерге қатысты жалпы негізде тұрақты тексеру жүргіземіз. Егер қылмыстық жолмен алынып, заңдастырылған заңсыз кірістер болса, міндетті түрде жауапқа тартамыз. Петицияға қатысты тоқталсақ, петицияның нәтижесін күтейік. Бұл мәселе бойынша зерттеп, бұған міндетті түрде назар аударамыз», — деді агенттік төрағасының орынбасары.

Бұған дейін БАҚ-та Қ.Бишімбаевтың отбасы мен жақын туыстарының кірісін тексеру жөніндегі петиция басталғаны туралы хабарланған еді.