«Менингококк инфекциясына қолайсыз ел»: эпидемиологтар қажылыққа баратындарға ескерту жасады

Жетісу облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қажылыққа баратындарға  ескерту жасады. Қажылар міндетті түрде менингококк инфекциясына қарсы екпе алуы тиіс, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі.

Биыл қажылыққа бару маусым айынан бастап жоспарланған. Сауд Арабиясы менингококк инфекциясы бойынша қолайсыз ел. Жыл сайын қажылыққа әлемнің 160 елінен 2 миллионға жуық адам қатысады, оның ішінде 3-4 мың адам – Қазақстан Республикасынан барады.

Сауд Арабиясы Корольдігінің Денсаулық сақтау министрлігі адамдардың қажылыққа дайындалу мәселесіне қоятын маңызды талабы – ол дәрігердің қорытындысы бар медициналық тексеру және міндетті түрде менингококк инфекциясына қарсы вакцинациялау.

«Умра, қажылық мақсатында немесе маусымдық жұмыстар үшін келушілер Сауд Арабиясына келгенге дейін 3 жылдан аспайтын және кемінде 10 күн бұрын берілген төрт валентті (ACYW135) менингитке қарсы вакцинамен вакцинациялау туралы куәлікті ұсынуы керек. Келушінің шыққан елінің жауапты органдары ересектер мен 2 жастан асқан балаларға төрт валентті полисахаридті вакцинаның (ACYW135) 1 дозасын енгізуді қамтамасыз етуі тиіс», -деп ескертті Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

Қажылық кезінде адамдар көп жиналатын орындарда болған кезде жеке профилактика шараларын есте сақтау керек:

–              қолды сабынмен жиі жуу, дезинфекциялайтын салфеткаларды пайдалану;

–              жөтелген және түшкірген кезде салфетканы пайдалану;

–              ауырған адамдармен байланысқа түспеу және олардың жеке заттарын пайдаланбау;

–              адамдар көп жиналатын жерлерде мүмкіндігінше бір рет қолданылатын бетперделерді пайдалану;

–              түйелер көп жиналатын жерлерге жақындамау және олармен тікелей байланысқа түсуді болдырмау;

–              қайнатылмаған және пастерленбеген түйе сүтін пайдаланбау, сондай-ақ ұйымдастырылмаған сауда орындарынан тамақ өнімдерін сатып алмау;

–              сырқаттанудың кез келген белгісі пайда болған кезде дәрігерге бару;

–              сапардан қайтып келгенде және аурудың кез келген симптомы (қалтырау, температураның көтерілуі, сырқаттану, тамақтың ауыруы және басқасы) пайда болса, дәрігерге қажылыққа барғанын айтып, тез арада медициналық ұйымға бару қажет.