Елімізде баланың ата-әжесімен араласу құқығы заңмен реттелмек

Қазақстанда ата-мен әженің немересімен, сондай-ақ баламен оның әпке-бауырлары, өзге де туыстарының қарым-қатынас жасау құқығы енді «Неке және отбасы» кодексінде арнайы баппен айқындалады. Бұл туралы Ашық НҚА порталында Оқу-ағарту министрлігі жариялаған құжат жобасынан белгілі болды, деп хабарлайды Qazaq.today informburo.kz-ке сілтеме жасап. 

Оған сәйкес, «Неке және отбасы» кодексіне жаңа 73-1 бап енгізіледі. Онда «Аталар, әжелер, бауырлар, әпкелер және басқа туыстар баламен араласуға құқылы» деп жазылған.

Бапқа сәйкес, егер ата-ана баланың жақын туыстарына онымен қарым-қатынас жасау мүмкіндігін беруден бас тартса, дауды ҚР Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайтын тәртіппен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган шешеді.

Оқу-ағарту министрлігі заңға мұндай толықтыру енгізу қажеттігін ата-әжелер мен басқа туыстардың баламен қарым-қатынас тәртібін анықтауға байланысты дауларды шешуде қиындықтар туындағанымен түсіндірді.

Құжат жобасы 24 ақпанға дейін жария талқылауға ұсынылған.

 

Qazaq.today