Жылыой ауданы әкімдігі ғимаратының алдына жиналған тұрғындар өтемақы төлеу, жаңа баспана беру мәселесін көтеріп, ұрандатқан. Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов әкімдік алдына жиналған тұрғындармен кездесті.
«Жылыой ауданында 2 920 үйді су басқан. Қазір оның 2 906-сы судан тазартылды. Бүгінге дейін тасқын су кірген 2 667 тұрғын үйге техникалық зерделеу, 2 622 тұрғын үйге бағалау жүргізілді. Тұрғындардан 3 мыңға жуық өтініш түсті. Су тасқынынан зардап шеккен 3 904 тұрғынға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем берілді», — деп хабарлады облыстық жедел штаб.
Сондай-ақ 289 кәсіпкерге залалды өтеу бойынша кеңес берілген.
«Бүгін түстен кейін арнайы мамандар әр тұрғынның үйіне барады. Олар тұрғын үйді техникалық зерделеу және бағалау қорытындысымен таныстырады», — деп мәлімдеді облыстық жедел штаб.