Ортағасырлық Сарайшық қалашығы суға кетуі мүмкін

Атырау облысының Махамбет ауданындағы Сарайшық ауылына құтқарушылар мен әскерилер көмекке келді. Өйткені ортағасырлық Сарайшық қалашығы мен археологиялық қазба орындарындағы ежелгі қорымдарды су басу қаупі бар, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі. 

Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, мұнайлы өңірдегі төтенше жағдайлар департаментінің 40-қа жуық қызметкері Индер ауданынан аталған ауылға көмекке жіберілген.

«Қазір Сарайшық ауылында Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарына Қорғаныс министрлігі «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 60, Төтенше жағдайлар министрлігінің Қарағанды облысындағы 52859 әскери бөлімінің 25 қызметкері жұмылды. Екі арнайы техника бар. Құтқарушылар мен әскери қызметшілер ортағасырлық қалашықтың айналасындағы қорғаныс қоршауын нығайтуға тартылады», — деп хабарлады облыстық жедел штабтан.