Прокурор Айжан Аймағанова жарыссөзде Бишімбаевтың адвокатын сынап, Абайдың қара сөздерін түсініп оқуға кеңес берді. Оның айтуынша, Бишімбаевтың адвокаты Абайдың қара сөздерінің мағынасын түсінбеген.
«Қорғаушы тарап Абайдың 3-қара сөзін негізгі контекстінен бөліп алып, оқып берді. Егер 3-ші қара сөзді толық оқысаңыз оның мағынасы мүлде бөлек. Абайды терең түсініп оқу керек», — деді прокурор Аймағамбетова.
Бишімбаев сотының жарыссөз бөлігінде адвокат Лейла Рамазанова Абайдың қара сөзінен «әділетсіз сот» туралы үзінді оқыған еді. Сондай-ақ, прокурор Айжан Аймағамбетова Салтанатты Бишімбаев қызғаныштан өлтірді деп санайды.
«Қорғаушы тарап «Бишімбаевтың Салтанатты өлтіруіне не себеп болуы мүмкін, оған не пайда?» дейді. Адамды өлтіру үшін сонда себеп керек пе? Бишімбаев Салтанатты қызғаныштан өлтірді», — деді ол.
Сонымен бірге, прокурор Нүкенованы кешкі уақытта өлді деген қорғаушы тараптың сөзінің қате екенін айтты. Қатты соқы алған алған Салтанат 6-8 сағаттан соң жан тапсырған.
«Қорғаушы тарап айыптау актісінде өлім уақыты екі түрлі көрсетілген дейді. Салтанат кешке көз жұмды дейді. Олай емес. Айыптау актісін жақсылап қарасаңыздар, Бишімбаев 8 қарашадан 9-на қараған түні Салтанатты ұра бастаған. Оған куәгерлердің сөзі дәлел. Таңертең сағат 10.00-де Байжанов келгенде, Бишімбаев Нүкенованы ұрып жатпаған. Сараптамаға сәйкес, өлім қатты соққылардан соң, 6-8 сағаттан кейін болған. Салтанаттың басында гематома пайда болды. Ми қабығына тамшылаған қан біраз уақыттан кейін өзінің шегіне жеткен. Оны эксперт айтты. Салтанат азаптанып жатты. Ол өмір мен өлімнің арасында қиналып жатты. Салтанат түскі уақытта көз жұмды. Қорғаушы тарап айтқандай, кешке өлген жоқ», — деді Айжан Аймағанова.
Прокурор Байжановтың Бишімбаевтың тапсырмаларын сол күні саналы түрде орындағанын атады. Мемлекеттік айыптаушы Байжановтың әрекетін қылмысты жасыру деп бағалады. Оған дәлел ретінде мейрамхананы жауып, камераларды өшіргенні алға тартты.
«Байжановтың қорғаушысы айыптардың бәрі болжамға құрылған, фактілер жоқ деді. Онда Байжановтың мейрамхананы жауып тастағанын, камералардың жазбаларын өшіргенін, телефонды әр жерге тасығанын, мүсәтір спиртін әкелуге тапсырғанын, таныс дәрігеріне қоңырау шалғанын қайда қоямыз. Байжанов оның бәрін саналы түрде орындады. Ол не болып жатқанын анық білді», — деді мемлекеттік айыптаушы.