Украинадағы соғыс туралы мақала жазғаны үшін қазақстандық Arbat.media басылымы Ресейдің Владимир қаласындағы Ленин аудандық сотына шақырту алды. Арыз беруші – Ресей армиясының 19-әскери прокуратурасы, 56680 әскери бөлімшесі. abai.kz ақпараттың порталының мәліметінше, отырысы 17 ақпанға белгіленген.
Басылымының жазуынша, шақырту қағазында «Роскомнадзордың Владимир облыстық басқармасы басылымдағы Украинадағы соғыс туралы мақаладан шындыққа сәйкес келмейтін және саяси мәндегі қоғамдық маңызды ақпарат жайлы жалған мәлімет барын анықтады» деп жазылған.
Қазақстандық басылым бұл айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Бұл Ресей тарапынан жасалған алғашқы қысым емес. Сөз бостандығына кедергі келтіріп қана қоймай, өздерінің озбын әрекеттері жайлы жазған мәліметтерді өшіртуге тырысады. Бұған дейін Ресейдің ақпараттық технология және бұқаралық байланыс саласын бақылайтын федерациялық қызметі (Роскомнадзор) бірнеше қазақстандық басылымнан Украинадағы соғыс туралы материалдарын алып тастауды талап еткен. Бұл жолы сотқа шағымдануға дейін жетті.