«Спортшыларға қиянат жасалды»: Алматыда спорт мектебінен күшпен шығарылған 184 оқушының мәселесі шешілді

Алматыда бір жылға жуық қаңғыған оқушылар мен студенттердің мәселесі ақыры шешілді. Спорттың 12 түрі бойынша жастарды тәрбиелейтін оқу орны айырылып қалған лицензиясын қайтарып алды. 50 жылдық тарихы бар мектеп-интернаттың (РСК) басына осыдан он ай бұрын бұлт үйірілген еді. Кәсіби спортшыларды дайындайтын мектеп-интернатты жабу жөнінде бұйрық шыққан. 500-ге жуық жас спортшының тағдырына бірден балта шапқан бұйрықтың күшін жойғызуға депутаттардан бастап, жаттықтырушылар, мыңға жуық ата-ана бірнеше ай бойы қарсылық білдірді. Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің анық-қанығын анықтап білді.

«Бұл проблеманың басталғанына 10 айдан асты. Колледждің орнына академия салынбақ болды. Академия деген өзінен-өзі бола салмайды. Бұлардың ойы колледждің бүкіл баласын таратып жіберіп, осы жерге көшеде жүрген үшінші, төртінші, бесінші орын алғандарды жинап алып, жаттықтыру. Олар бұл жерде не істейді? Бұл жерде бір-ақ нәрсе жатыр, Президент спортты дамыту туралы үлкен жақсы бағдарлама жасады. Жеке адамның қаражат беруі туралы. Жан басына қаржыландыру деген болды. Әр адамға күніне 17 мыңнан бөледі. Өзіңіз есептеп көріңіз, бұл жерде 500 бала оқыған. Оған мына мектептің бәрін жапты ғой, соның бәрін қайта жатақхана етіп, 1000 бала оқытпақшы. Әр балаға бір күнге 17 мың теңгеден түсіп отырады, мемлекеттен. Соның бәрін есептеп көріп, бұлардың бастары кетіп қалды. Колледжді қалай да құрту керек болды. Қаланың ортасында, әдемі жерде, базасының бәрі жақсы, жері де жеткілікті.

Өзім осында 14 жыл қызмет еттім. Кезінде 47 сотық жерді сатып жіберген. Мен соның бәрін сот арқылы қайтарып алғанмын. Осынша баланың тағдырына балта шауып отыр. Спорт үзіліс дегенді түсінбейді. Мінекей, бір жыл үзіліс болды. Тиянақты жаттығу болған жоқ. Біреуі анда, біреуі мында кетті. Олардан жақсы спортшы шыға ма, шықпай ма, күмәнді. Үзіп тастады. Шашырап кетті. Спортшыларға қиянат жасалды», — деді оқу орнының бұрынғы директоры Амалбек Тшанов.

Республиканың әр өңірінен жиналған жас чемпиондар таратылып, түрлі оқу орындарына ауыстырылды. Мектеп-интернаттан 180-нен астам жас спортшы, олардың жаттықтырушылары, мұғалімдері кетуге мәжбүр болған еді.

«Мен Касенка Викторияның қамқоршысымын. Қыздың әке-шешесі жоқ. Осында спортпен айналысады. Ол – суға секіруден спорт шебері. Бізді осы жерден кетуге мәжбүрледі. Егер кетпесеңдер, ауыспасаңдар, спортпен мүлдем айалыспайсыңдар деді. Балаларды суға биіктіктен секіртіп жаттықтыратын база тек осында ғана. Балалар мен тәрбиешілерді К.Ахметов атындағы мектепке кетуге мәжбүрледі. Балалар жаттығуды осында өткізеді де, бассейннен шығып аязды күні мектепке жаяу қатынады. Балаларымыз ауырды. База осында, ал оқу басқа жерде. Мұндайды кім көрген? Олардың жағдайын ешкім ойлаған жоқ. Жас балалар спортпен айналысқысы келеді. Бәрі ауырды. Осындай жағдайлар болды. Қазір, әрине, бәрі орнына келіп жатқанына қуаныштымыз», — деді Светлана Тұрсынова.

«Ұлым суға секіру спортымен айналысады. Осында түсіп, бір жыл оқыдық. Содан кейін бізді бұл жерден шығарып жібергісі келді. Біз өз еркімізбен кеткіміз келмеді. Себебі біздің жаттығу базамыз осында. Балаларымызға осында оқып, осында жаттығу жасаған ыңғайлы. Таңертең және кешке екі мезгіл жаттығу жасайды. Бірақ біздің балаларымыз туралы ешкім ойлаған жоқ. Балаларға жаттығу базасына келіп, одан кейін мектепке оқуға барып, қайта жаттығу базасына келу өте қиын. Бірақ осының бәрін ұйымдастырған кім? Балаларды қуып шығу кімге қажет болды? Әлде спортты жауып тастағысы келді ме? Біздің басқа амалымыз жоқ. Бір жерде оқып, бір жерде жаттығу жасайтын басқа база жоқ. Мәселе әрең дегенде шешілді. Осында қайта келгенімізге қуаныштымыз», — деді ата-ананың бірі Татьяна Касимова.

Кәсіби мамандардың сөзінше, мектеп-интернатты академияға айналдыру деген ақылға сыйымсыз. Бір сәтте мың спортшы жатып оқитын оқу орнын құрудың астарында жемқорлық пен көзбояушылық жатыр, деп санайды осы оқиғаны көтерген адамдар. Жастар, жасөспірімдер арасындағы чемпиондар өзге оқу орындарына ауыспаймыз деп қарсылық білдірсе, ашынған ата-аналар үкімет басшыларының қабылдауына дейін барған. Ақыры арада он ай өткенде Мәдениет және спорт министрі мектеп-интернатқа жаңа лицензия берді. Министр Асхат Оралов тікелей тапсырма беріп, шашырап кеткен оқушыларды қайтару жұмысы басталды.

«Жас споршыларға жасалған қиянат адамның сана-сезіміне кірмейтін нәрсе ғой. Болашақта еліміздің намысын қорғайтын спортшыларға кедергі жасады. Алдымызда келе жатқан Олимпиада ойындарына әсерін бере қоймас, бірақ келесі Олимпиадаларда бұның зияны білінеді. Ата-аналардың денсаулығына зиянын тигізді, жүйкелері тозды. 10 айдың ішінде адамның есін тандыратын нәрселер болды. Қыркүйектен бастап балалар осы жерге келіп күннің астында тұрды. Алдарынан ешкім шықпады. Ешкім көңіл аудармады. Не деген масқара? 10 айдың ішінде төрт басшы ауысыпты, кадрлық кризис. Осы әрекетке барған шенеуніктерді міндетті түрде жауапқа тарту керек. Бәріміз соны талап етеміз. 10 айдың ішінде бұлар не істемеді? Ата-аналарға қысым көрсетті, қорқытты. Құжаттарын алдырды. Ешкім өз еркімен кеткен жоқ.

Өзім – осы мектептің түлегімін. 1986 жылы қара домалақ бала болып келгенмін. Осы жерден алған білім, тәрбие-тәлімнің арқасында жетістікке жеттім. Бұл мектеп – қара шаңырақ. Мұнда өзімізге жұмыс орын іздеп жүрген жоқпыз. Тек қана Қазақстанның түкпір-түкпірінен балалар келіп, осы жерден тәлім алып өссе деген мақсатымыз бар. Жарты ғасырлық тарихы бар дүниені жойып жіберіп отыр. Бұл не деген масқара?!» — деді Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков.

ҚР Парламенті Мәжілісі VII шақырылымының депутаты Константин Авершиннің сөзінше іс насырға шапқан соң мәселе Парламетте көтерілген. Депуттаттық сауал да жасалған. Ақыры «AMANAT» партиясының араласуына тура келген. Тіптен Премьер-министр Әлихан Смайылов, партия төрағасы Ерлан Қошанов та комитеттегі шенеуніктердің жабайы қарсылығын теріске шығарды. Нәтижесінде ата-аналардан, түлектерден, танымал спортшылардан, колледж мұғалімдерінен құралған белсенділер тобымен бірге теріс шешімді өзгертуге мүмкіндік туыпты.

«Алдымен колледж, содан кейін мектеп қайтарылды. Осы жылдың 20 қаңтарында толық жеңіске жеттік. Менің ойымша, бұл – жаңа Қазақстанда еститін мемлекет құруға жасалған нақты қадамдар. «AMANAT» партиясы және өзіміз мұндай әділетсіздікпен күресуді жалғастырамыз. Шынында колледж мұғалімдеріне бұрын-соңды болмаған қысым жасалды. Ата-аналар ювеналды полициямен, білім бөлімдерімен қудаланды. Тіптен кейбірі ата-ана құқығынан айырылып қала жаздады. Бірнеше оқытушы белсенді позициялары үшін жұмыстан шығарылды. Сондықтан осыған дейін бүлдірген дүниелерді, быт-шыты шыққан жұмыстарды қалпына келтіру керек. Бұл – үлкен жеңіс, мүдделерін көздеген шенеуніктердің құрсауынан оқу орны құтқарылды», — деді Авершин Константин.

Айналдырған он айда оқу орнында төрт директор ауысқан. РСК-ға жаңадан келген директор министрліктің тапсырмасы бойынша басқа жаққа кетіп қалған оқушылар мен мұғалімдер, жаттықтырушылар құрамын кері қайтаруға кірісті.

«Арнайы тапсырмаға сәйес мектеп-интернаттың лицензиясы берілді. Министр Асхат Ораловтың өзі осында жақында ғана келіп ата-аналармен кездесті, түсіндірді. Интернат өз жұмысын бастады. Былтыр 184 оқушы басқа орындарға ауыстырылған еді. Олардың ішінен 130 спортшы кері қайтуға келісті. Жатақхананы 130-135 балаға дайындадық, асхана да жұмысын бастауға дайын. Кітап-құралдарды да қайтарып жатырмыз. Оқушыларға-жаттықтырушыларға талондарын беріп жатырмыз. Олардың бәрі 31 қаңтарға дейін құжаттарын осында әкеліп тапсырады. 1 ақпаннан бастап сабақ, жаттығу басталады. Оқушылармен бірге 16 жаттықтырушы, 15 мұғалім кері қайтып келеді. Колледждің өзінде 180 студент бар. Біздің негізгі жұмысымыз – бұрын бұзылған қалыпты қайта қалпына келтіріп, еш алаңсыз сабақ оқып, спортпен айналысуға жағдай жасау», — деді Республикалық спорт колледжі директорының міндетін уақытша атқарушы Нұрбол Сыдықов.

«Спортты дамыту керек, Олимпиада уақыты жақындап қалды, бір-ақ жыл қалды. Бір жыл көзді ашып-жұмғанша өтіп кетеді, оны жақсы білесіздер. Қалай болғанда да биылғы оқу жылында балалар үлкен бір нәтиже көрсетіп, жақсы білім алады деу қиын. Жыл бойы мектепке бармаған балалар бар. Принциптерінде тұрып, «Біз осы жерге оқуға түстік, осы жерде оқуымыз керек» деген.

Осыған басында-ақ көңіл бөліп: «Неге олай болып жатыр?» деп қарағанда, тіпті басқаша болар еді. Сол кезде-ақ шешіп тастайтын мәселе. Себебі, колледжді жабуға ешқандай негіз жоқ. Өздеріне бір жемқорлық схемасын жасап алып, соған ие болу мақсатында жасалған тірлік қой. Енді оның бәрі тоқтады», — деді Амалбек Тшанов.