Қаржы мониторингінің өкілі су тасқыны салдарымен күресуге бөлінген ақшаны жымқырған шенеуніктер туралы жаңа деректі бөлісті, деп хабарлайды Qazaq.today порталы.
Қаржы агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов су тасқыны кезінде жымқырылған 1 млрд теңгеге қатысты қозғалған қылмыстық істердің жай-жапсарын кулуарда айтты.
«Біздің ведомство бүгінде гидроқұрылыстар салуға бөлінген бюджет ақшасы бойынша төрт қылмыстық іс тіркелген. Аймақтар — Ұлытау облысы, Алматы облысы, Ақтөбе облысы және Қызылорда облысы. Бұл қылмыстық істердің көп бөлігі бюджет қаражатын ұрлау деректері бойынша тіркелген», — деді Жеңіс Елемесов Мәжіліс кулуарында.
Журналистерге жауап берген орынбасар қаржыны жымқырғандардың лауазымын да жасырмады.
«Күдіктілер — тиісті тендерлерді алған кәсіпкерлер, сонымен қатар жұмыстың аяқталуы туралы куәлікке қол қоюға қатысқан лауазымды тұлғалар бар», — деді агенттік төрағасының орынбасары өз жауабында.