Фото: Ақорда
Қырғызстан Қазақстанмен екіжақты келісімдерді тереңдетуге бағытталған саясатын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Ақордада Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
«Қазақстан Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаныңыз үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына ерекше разылығымды білдіремін. Қырғыз делегациясына көрсетіліп жатқан меймандостыққа және келіссөзді мықты деңгейде ұйымдастырғаны үшін жалпы Қазақстан жағына алғысымды айтамын», — деді Садыр Жапаров.
Оның айтуынша, Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысы екі ел арасындағы байланыстарды жаңа сапалы деңгейге көтереді, сондай-ақ қазақ-қырғыз ынтымақтастығының дамуына ықпал етеді.
Сонымен қатар Қырғызстан Президенті бүгінгі келіссөздер стратегиялық серіктестік рухында өтіп жатқанын атап өтті.
«Қырғызстан Қазақстанмен екіжақты келісімдерді тереңдетуге бағытталған саясатын жүргізіп жатыр. Біздің елдер арасында ешқандай саяси қарама-қайшылық жоқ. Осы орайда бір-бірімізді қолдап, келешекті ойлап, тиісті мәселелерді бірлесе шешу маңызды деп ойлаймын. Бұрыннан елдеріміз ынтымақта, достық қарым-қатынаста болып, біртуған ретінде бір-біріне жәрдем беріп, қолдау жасап келеді», — деді С. Жапаров.