Фото: Pixabay
Жасанды интеллект болашақта Ұлыбританиядағы миллиондаған адамды жұмыссыз қалдырады. Сарапшылар арнайы зерттеу жүргізіп, осындай мәмілеге келді. Жаңа технологиялар, әсіресе, әйелдерді және жас мамандарды нәпақасынан айыруы мүмкін. Жоғары айлық алатындарға төніп тұрған қауіп тіпті орасан. Жергілікті үкімет те, компаниялар да еңбек өнімділігін арттыру үшін нейрондық желілерге сеніп отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі Kazinform.kz-ке сілтеп.
Ұлыбритания өзін жасанды интеллект саласындағы зерттеулер мен инновациялардың әлемдік көшбасшысы етіп танытуға тырысуда. Бұл ел жақында 25-тен астам мемлекет өкілі қатысқан Жасанды интеллект қауіпсіздігінің халықаралық саммитін өткізді. Күні кеше Ұлыбритания мен АҚШ жетілдірілген нейрондық желілерді тестілеу бойынша маңызды келісімге қол қойып, бірлесе жұмыс істейтінін мәлімдеді.
«Ұлыбритания 9 жаңа жасанды интеллект ғылыми-зерттеу орталығын іске қосуға және технологияны реттеушілерді оқытуға 100 миллион стерлинг фунты көлемінде қаражат жұмсамақ. Нейрондық желілер тез дамып келеді, бірақ біз өзіміздің сол жылдамдыққа ілесе алатымызды көрсеткіміз келеді», — дейді Ұлыбританияның Ғылым, инновация және технология министрі Мишель Донелан.
Егер Британ үкіметі бұл саясатын жалғастыра беретін болса, келешекте 8 миллионға жуық адам екі қолға бір күрек таппай қиналуы ықтимал. Мемлекеттік саясатты зерттеу институты осындай мәлімдеме жасады. Бүгінде нейрондық желілер адам жасауы тиіс қызметтің 11 пайызын атқарып келеді. Мысалы, жұмысқа орналасу үшін талапкерлер кадрлар қызметінің маманымен емес компьютермен сұқбаттасады.
«Жұмысқа тұрар алдында видео интервьюге қатыстым. Мені тірі адам емес жасанды интеллект жіті тексерді. Түйіндемеме және мимикама қарап, жұмысқа жарамсыз деп тапты. Бұл мені қатты күйзелтті», — дейді визажист Антея Майрудхиу.
Жағдай жаға ұстатарлық. Компаниялар заманауи технологияны тереңірек енгізген сайын жұмыстың шамамен 60 пайызын жасанды интеллект атқармақ. Егер үкімет, жұмыс берушілер және кәсіподақ ұйымдары маңызды шешім қабылдап, жаңа технологияларды басқара алатындықтарына кепілдік бермесе, жаппай жұмыссыздық белең алуы ықтимал! Олар қазір әрекетуі тиіс, кейін тым кеш болуы мүмкін дейді зерттеушілер.
«Әйелдер мен жастардың жаңа технологиялармен ығыстырылу қаупі жоғары. Нәзікжандылардың технологиялық салалардағы үлесі аз. Сондай-ақ оқу орындарын жаңа бітірген жастарға арналған бос жұмыс орындары азайып барады. Үкімет жұмыссыздықтың алдын алу үшін жаңа заң енгізудің орнына кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер ұсынып, автоматтандыруға келе бермейтін жұмыс орындарын көбейтуі керек», — дейді LinkedIn әлеуметтік желісінің бас экономисі Карин Кимброу.
Мамандардың пікірінше, орта мектептер мен жұмыс берушілер халықты жаңа өмірге икемдеп, жасанды интеллектті басқаруға қажет дағдыларды үйретулері тиіс. Сала министрлігі бұл зерттеуді тәжірибеге емес теорияға негізделіп жасалған және шындықпен жанаспайды деді. Жасанды интеллект жыл сайын Ұлыбритания экономикасына 3,7 миллиард стерлинг фунтынан астам ақша әкеледі екен.
Сала мамандары нейрондық желілердің адам миының көшірмесі екенін мойындайды. Бірақ олар толық дамымаған және қателіктер жасауға өте бейім көрінеді.
«Біздің қолымызда бар технология әзірге шикі. Қателіктерге көп жол береді. Егер сіз бағдарламашы болсаңыз, жасанды интеллект сізге көмекші құрал бола алады. Жүргізуші болсаңыз көлігіңізді басқаруға жәрдемдеседі. Бұл барлық мамандық үшін ортақ сценарий. Яғни, өнімділікті арттырудың қосымша көмекшісі болады», — дейді Alphabet компаниясының бас директоры Сундар Пичай.
LinkedIn зерттеуіне сәйкес жасанды интеллектті басқару дағдыларын халыққа үйрету бойынша Ұлыбритания АҚШ, Германия, Канада және Израильден артта келеді. Әлеуметтік желінің зерттеуінше, Британ кәсіпорындарының жартысынан азы ғана қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға инвестиция құйып жатыр. Көштен қалып қойған Тұманды Альбионның болашағы бұлыңғыр болуы әбден мүмкін.