«877 отбасына көмек көрсетіледі»: Шымкент тұрғыны көмекті тек ресми қорларға аударуды ұсынды

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсеткісі келетіндер қаражатты тек арнайы қорларға ғана аудару керек. Қазір қарбалас сәтті пайдаланып қалғысы келетін алаяқтар да көбеген, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі.

Әлеуметтік желіде Мақпал Сауранбекова есімді тұрғын халыққа ескерту жасап, күмәнді блогерлердің көбейіп кеткенін айтты.

«Қазіргі елдегі болып жатқан су тасқыны қалың қазақты уайымдатпай қоймады, шырылдап жан-жақтан көмекке келіп, жәрдем қолын созуда. Мемлекет тарапынан қажетті көмектер ұйымдастырылып, бір жағадан жең, бір жағадан бас шығарып жұмыла жүк көтерілуде, шүкір.Студент кезімде бірге оқыған құрбым болды, сол құрбым сонау Ақтөбеге ұзатылғанда күлген едім Шымкентте жігіт жоқтай не бар сол жақта деп, уакыт зырғып, әр кім өз тіршілігімен дегендей сол құрбыммен байланыспағалы көп болыпты. Содан Актөбе облысындағы су тасқыны белең алып, ел әбіржіп жатқанда еске түспей, күні кеше сол баяғы құрбым ойыма келді, дереу қоңырау шалдым», — деді Мақпал Сауранбекова.

Оның сөзінше, Ақтөбеде су тасқынынан келтірілген залалдарды өтеу және қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 10 млрд.теңге қаражат бөлінеді. Одан бөлек, Әйтеке би, Қобда және Ойыл ауданындағы төтенше жағдай салдарынан өмірлік қиын жағдайға тап болған 877 отбасыға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасына берілетін қаржы 316,0 млн.теңгені құрайды.

«Қалған аудандар бойынша мұқтаж отбасыларға әлеуметтік көмек аудандардың ішкі резервтері есебінен көрсетіледі. Жалпы облыс бойынша 2 800 отбасыға 1,0 млрд.теңге көлемінде қаражат бағытталып отыр» деп құрбым қуанышты жаңалығын жеткізді. Бұйырса Ақтөбеге, жаңа қоныстарыңа тойға барайық деп әңгімені қуанышты нотада аяқтадық. Осы орайда айта кетейінші, өздеріңіз көріп жүрсіздер әлеуметтік желіде танымал блогерлер жан-жақтан сбор ашып, өздерінің есеп шоттарын көрсетіп, елден ақша жинау үстінде, көңілге күмән келтіреді расымен. Алаяқтар қаптап тұрған қоғамда сіз де алданып қалмаңыз дегім келеді.Ең дұрысы қандай да бір көмек көрсеткіңіз келсе қайырымдылық ұйымдары көрсеткен есеп шотқа аударғаныңыз абзал. Бастысы ниетіңізде! Ел аман, жұрт тыныш болғай!», — деді Сауранбекова.