Алматыда төрт бала сырғанауға барып, ауыр дене жарақаттарын алды. Шымбұлақ тау шаңғы курортында сырғанап жүріп жарақат алған қыз басынан ауыр жарақат алған. Алматы маңындағы төбешік, мұз айдынындарынан жарақат алған балалардың күрт көбейіп кетуіне байланысты дәрігерлер дабыл көтерді. Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына 14 жастағы екі, 6 жастаы бір және 16 жастағы жасөпірім қыз түскен. Төбешіктен жоғары жылдамдықпен сырғанап келе жатқан алты жастағы бала басқа баламен соғылып қалған.
«Соғылу нәтижесінде науқас жабық бассүйек-ми жарақатын алды, бас ми соғылуы, сол төбе сүйегінің желілі сынуы орын алды. Жазық эпидуралды гематома диагнозы қойылды. Қазіргі кезде бала жансақтау бөлімінде жатыр», — дейді Алматы қаласы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының травматология бөлімшесінің меңгерушісі Бақыт Қожаханов.
Мұз айдынында ауыр жарақат алған 14 жастағы қыз алғашында шұғыл түрде қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Оның жағдайы тұрақты, мамандандырылған бөлімшеге ауыстырылды.
«Мұз айдынында бортпен соқтығысу салдарынан жасөспірімнің көкбауыры жарылып, ішкі қан кетіп, іші тұйық жарақат алған. Ота жасалды, қазір баланың жағдайы тұрақты, бөлімшеде бақылауда жатыр. Ата-аналарға спорттың кез келген түрі және ашық ауада өткізілетін іс-шаралар кезінде қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтау керек екенін ескертемін», — деді дәрігер хирургия бөлімшесінің менгерушісі Ерлан Жүсіпбеков.
Мұз айдынында жарақат алған тағы бір науқас, 16 жасар қыз ауруханада жатыр. Дәрігерлер балаға жабық бассүйек-ми жарақаты, ми шайқалу, төбе аймағы жұмсақ тіндерінің соғылуы диагнозын қойды. Жасөпірім қыз бірден жансақтау бөліміне түскен. Қзаір ол нейрохирургия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр.
Ал 14 жастағы жасөспірім Орталыққа ауруханаға Шымбұлақ тау шаңғысы курортынан жеткізілді. Құлдилай сырғанау кезінде қыз бала жабық бассүйек-ми жарақаты, бас миының шайқалуы диагнозы қойылған. Қыз бала басынан ауыр соққы алған.
«Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы басты басымдық болып қалуы керек. Балаға шаңғымен сырғанауға рұқсат бермес бұрын, жабдықтың толық жиынтығына көңіл бөлу керек, баланың қорғаныс дулығасы болуы керек. Үлкен қарлы төбешіктер — біздің мұң: мұнда жарақат алу мүмкіндігі өте жоғары, балалар өмір сүру сапасына әсер ететін ауыр жарақаттар алады. Біз балалардың денсаулығы мен өмірін бірге сақтауға шақырамыз», — деп қосты нейрохирургия бөлімшесінің менгерушісі Мұхтар Ибрагимов.