Елтаңбада тарихты көрсететін символ болу керек – депутат

Фото: Әсет Құндақбаев

Елтаңба өзінің функционалды міндетін атқарып тұрған жоқ. Елтаңбаның берер ойын еліміздегі көптеген адам түсінбейді. Қоғам белсенділері мен депутаттар елтаңбаны өзгерту туралы пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Ал шетелдіктер елтаңбамыздың мағынасын, берер ойын мүлдем түсінбейді. ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Еркін Әбілдің айтуынша, елтаңбаны өзгерту туралы ойды қоғамның ашық талқысына шығару керек.

«Мен депутаттық сауал жолдадым. Тек қана қолдайтындардың ғана емес, қарсы шыққандардың да үні естілуі керек дедім. Аргументті түрде бүкіл жақтарға пікірін айту керек дедім. Себебі бұл туралы нақты шешім қабылданған жоқ. Тек қана талқылаудың нәтижесінде шешім шығуы керек.
Біз Үкіметке елтаңбаны ауыстыруға қанша қаржы кететіні туралы талап қойдық. Олар қаражатты есептеп беруі керек. Талқылауды сол кезде бастауға болады. Кейбір азаматтар оны бұрыннан айтып жүр. Бізге жүйелі түрде хаттар келіп тұрады. Қазіргі елтаңбаны шикілік деп айтуға болмайды. Елтаңбаның композициясы – Кеңес заманынан келе жатқан композиция. 1992 жылы тек қана элементтері өзгертілді. Елтаңбада тарихты көрсететін символ болу керек. Археологтар, тарихшылар, өзге де мамандар осы елтаңбаны талқылау керек. Елтаңбадағы шаңырақ өте жақсы символ. Бірақ оны танитын қазақ пен қырғыз ғана. Шетелдік азаматтарға елтаңбаны өзіміз түсіндірмесек, олар өзі түсінбейді», — деді ҚР Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл.

Ал қоғам белсенділерінің айтуынша, еліміздің азаматтары елтаңбаны сипаттап бере алмайды.

«Біздің белсенділеріміз Алматы және Астана қалаларында сауалнама жүргізді. Оған әр түрлі жастағы 500-ден астам адам қатысты. Сауалнама қатысқан адамдардың 70 пайызы елтаңбаның белгілерін білмейді. Тіпті кейбіреуі елтаңбадағы айдаһар мен айды таңдаған. Олар елтаңбаның мағынасын мүлдем түсінбейді. Мемлекеттік рәміз ретіндегі статусын, мемлекеттің қандай екенін және қайда бара жатқанын бейнелеу керек. Егер ондай құндылықтарды біздің халқымыз түсінбесе және сезінбесе, елтаңба өзінің басты функциясын орындап тұрған жоқ», — деді «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының мүшесі Алмат Қуаныш.

Сонымен қатар, бағдарламада пікір білдірген Мәдениет және ақпарат министрлігі Геральдикалық зерттеу орталығының бас маманы Асылжан Бекжановтың сөзінше, елтаңбаға 1998, 2008, 2018 жылдары кішігірім өзгерістер енгізілген.

«Бірақ одан елтаңбаның бейнесі өзгеріп кетті деп айта алмаймыз, детальдары ғана өзгерді. Ол үлкен өзгеріске жатпайды. Елтаңбаның қазіргі түсі компьютерлік графикамен сары түске келтірілген», — деді маман.

Мамандардың толық пікірін «Хабар» арнасындағы «Талқы» бағдарламасынан көре аласыздар.