Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысы ашық өтеді

Фото: primeminister.kz

Азаматтық некедегі әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен айыпталушы экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты онлайн көрсетіледі, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесіне қоғамның жоғары қызығушылығын ескере отырып, осы іс бойынша ашық сот отырыстарының онлайн-трансляциясын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды”, – делінген хабарламада.

Ашық режимдегі сот отырыстары алқабилерді іріктеуден кейін өтеді.

Еске сала кетейік, Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу отырысы ертең, 27 наурызда өтеді.

Алқабилердің қатысуымен сот өткізу Бишімбаев тарапының өтініші бойынша мақұлданды.