Фото: polisia.kz
Астанада ерлі-зайыптылар жанжалдасып, ер адам әйелін машинадан көшеге лақтырып жіберген, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Сағат 02.00 шамасында «102» пультіне оқиға куәгерінен GEELY көлігінің мас жүргізушісі жол бойында әйелді ұрып-соғып жатқаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына автопатруль жіберілді. Жүргізуші көлікті тастап, жаяу қашуға әрекеттенгенімен, қамауға алынды.
Көлік ішінде ер адамның әйелі болғаны белгілі болды. Оқиғадан сәл бұрын ерлі-зайыптылар дәмханада ішімдік ішіп отырған, сол жерде олардың арасында жанжал шыққан. Олар мас күйінде көлікке отырған. Көлік жүргізіп келе жатқанда ерлі-зайыптылардың арасындағы төбелес жалғасып, жүргізуші көлікті тоқтатып, әйелді көліктен лақтырып жіберген.
«Полицейлер жүргізушіні көлік жүргізуден шығарып, медициналық тексеруден өтуін сұрады. Алайда жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талабын орындаудан үзілді-кесілді бас тартты. Полиция талаптарын орындамағаны және алкогольдік масаңдық бойынша тест тапсырудан жалтарғаны үшін жүргізуші 25 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Көлік коммуналдық тұраққа қойылды», — делінген хабарламада.