Фото: Pixabay
Air Astana әуекомпаниясы 2024 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстанның бірыңғай уақыт белдеуіне көшуіне байланысты рейстер кестесін түзетті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Өзгерістер 1-31 наурыз аралығында Алматы, Астана, Шымкент, Өскемен және Қостанай бағыттары бойынша жоспарланған ұшуларға қатысты.
«Рейстері өзгеріске ұшырайтын жолаушыларға өзгертілген ұшу уақыты туралы SMS-хабарламалар мен брондау кезінде қалдырған электрондық пошталарына хаттар жіберіледі. Сәуір мен қазан айлары аралығындағы рейстердің кестесі 1 наурызда автоматты түрде өзгертіледі және бұл туралы да жолаушылар хабардар етіледі», — делінген хабарламада.
Air Astana әуекомпанияның ресми сайтында немесе қосымшасында рейстің ағымдағы мәртебесін тексеруді ұсынады. Авиабилетті ауыстыру немесе қайтару үшін (тариф ережелеріне сәйкес) сатып алған жері бойынша хабарласу қажет.