Үкімет мүшелерінің жаңа құрамы жасақталды

Үкімет үйі. Фото: primeminister.kz

Жаңа Премьер-Министр Олжас Бектенов басқаратын үкімет мүшелерінің құрамы да жасақталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Кейбір министрлер өз лауазымында қалса, кейбірі Үкімет құрамына жаңадан еніп отыр.

Үкімет басшысының орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі қызметіне Нұрлан Байбазаров келді. Бұған дейін ол «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы қызметін атқарған.

Ерұлан Жамаубаевтың орнына Қаржы министрі болып Парламент Мәжілісінің сегізінші шақырылым депутаты Мәди Такиев тағайындалды. Ол төменгі палатада Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болған.

Еліміздің бас дәрігері болған Ажар Ғиният та қызметінен кетті. Денсаулық сақтау министрі болып сенатор, медицина ғылымдарының докторы Ақмарал Әлназарова тағайындалды.

Алматыдағы жер сілкінісінен кейін Президенттен сын естіген Сырым Шәріпханов та қызметінен кетті. Төтенше жағдайлар министрі лауазымын енді Шыңғыс Әрінов атқарады. Ол бұған дейін Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Президенттің Күзет қызметінің бастығы болды.

Қалған лауазымды тұлғалар орнын сақтап қалды.