Фото: Sports.kz
Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Александр Бублик Монпелье (Франция) ATP 250 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.
Қазақстанның көшбасшы теннисшісі финалда әлемнің 37-ракеткасы, хорватиялық, 27 жастағы Борна Чоричпен бетпе-бет келді.
Хорватиялық спортшы осыған дейін Марракеш, Галле және 2022 жылы Цинциннати мастерс турнирінде үздік шығып, әлемдік рейтингіде 12-орынға дейін көтерілген еді.
Қарсыласынан бір жас кішілігі бар А.Бублик бұдан екі жыл бұрын осы Монпелье, өткен жылы Антверпен және Галле жарыстарының чемпионы атанған болатын.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші 3:0 есебімен алға кеткенімен, сол басымдылығын ұстап тұра алмады – 5:7.
Есесіне екінші сетті қос брейкпен өз пайдасына жазды – 6:2.
Үшінші, шешуші партияда А.Бублик тағы да брейкпен алда болды – 2:0. Осы қарқынынан ақыры танған жоқ – 6:3.
Екі сағат 20 минутқа созылған финалдық бәсеке барысында Бублик 19 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді. Қарсыласы 5 эйс, 2 брейкпен (7 брейк-пойнт) шектелді.
Осылайша, Александр Бублик Монпельеде екінші рет чемпион атанып отыр.
Дереккөз: KAZINFORM