«Елтаңбаны білмеу – надандық»: Мәдина Сәдуақасова «Жаңа Адамдар» сауалнамасына қатысты ойын айтты

Қазақстан эстрадасының жарық жұлдызы, әнші Мәдина Сәдуақасова «Жаңа Адамдар» жастар қозғалысының Елтаңба туралы жүргізген сауалнамасына байланысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, Отанымыздың Елтаңбасын білмеу, танымау – надандық. Бұл туралы көзқарасын ол әлеуметтік желідегі парақшасында тарқатып жазды.

«Қазіргі таңда әр адамда логотип бар, өзін танытатын таңба.

Ал әлем бойынша жер көлемі жағынан 9 орынды иемденген біздің Қазақстан республикасының таңбасын қаншалықты танимыз? Мұны неге айтып жатырмын?! Ғаламторды қарап отырып, бір мақаланы көзім шалып қалды. Жастардың көбі елтаңбамызды білмейді екен. Бұл не деген сұмдық? Президенті бар, тәуелсіз ел, қаншама елмен экономикалық байланыс жасап, білім негізінде тәжірибе алмасып, тарихымыз тереңде жатқан ҚАЗАҚСТАН елінің, өзің туған Отаныңның ұлттық рәміздерін, елтаңбасын білмеу НАДАНДЫҚ деп ойлаймын.

Балабақша, мектеп, колледж, университетің бәрінде ұлттық рәміздерге жіті мән беріліп, бәріне ақпарат жетуі тиіс», деді әнші.

Бұдан бөлек, сахна жұлдызы Қазақстан Елтаңбасының тарихына тоқталды.

«Біздің елтаңбамыз – біздің белгіміз! 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Ол жерде бейнеленген көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ  «Qazaqstan» деген жазу – алтын түстес.

Ал Сіз елтаңбамыздың нені білдіретінін білер ме едіңіз? Жоғарыда жазылған анықтамалар сіз үшін қаншалықты күрделі? Мүмкін расымен елтаңбамызға өзгерістер енгізіп, қарапайым халықтың ұсынары бар шығар…»,  – деп жазды Мәдина Сәдуақасова.

Еске салсақ, бұған дейін «Жаңа Адамдар»жастар қозғалысының Елтаңба туралы жүргізген сауалнамасына қатысты жазушы Смағұл Елубай, журналист Тоқтар Жақаш пікір білдірген еді.