Былтыр 400 мыңға жуық қазақстандық прокуратураға жүгінген

2023 жылы прокуратураға азаматтар мен заңды тұлғалардан 373 мыңнан астам жолданым келіп түскен, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Бұл ретте негізгі бөлігі әлеуметтік-экономикалық саладағы мәселелерге қатысты – 158 мың. Жолданымдардың үштен бірінен астамы сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің заңдылығы туралы келіп түсті – 138 мың. Сондай-ақ қазақстандықтар қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілерімен келіспеушіліктерін білдірді – 27 мың жолданым.

171 мыңнан астам жолданым прокурорлармен тікелей қаралып, қалғандары құзыреті бойынша уәкілетті органдарға жолданды.

Жеке қабылдаулар барысында прокурорлар 51 мыңнан астам азаматты қабылдады, ал әрбір үшінші арызды прокуратура басшылығы арызданушылардың қатысуымен қарады. Қарау нәтижелері бойынша 48,9 мың арыз берушінің құқықтары қорғалды, 5,6 мыңнан астам прокурорлық қадағалау және ден қою актілері енгізілді.

Қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен мүдделерін 18,2 мың жолданым бойынша қорғағаны туралы ерекше атап өткен жөн. Қылмыстық қудалау органдарының 2,2 мың заңсыз процестік шешімдерінің күші жойылды. Прокурорлар істерді объективті шешуге бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексерулер бойынша 3,4 мың нұсқау берді.

Мәселен, Бас прокуратураға В.Цой мен Қ.Қарабаев алаяқтық фактісі бойынша Астана қаласының ішкі істер органдарының заңсыз қылмыстық қудалауына шағымданған. Іс материалдарын тексерумен «Банк Центр Кредит» АҚ және «Объектілерді оңалту дирекциясы» ЖШС арыздары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру негізсіз жүргізілгені анықталды, өйткені тараптар арасында қылмыстық-процестік тәртіппен шешілуге жатпайтын азаматтық-құқықтық қатынастар туындаған. Осыған байланысты Бас прокуратура ағымдағы жылдың қаңтар айында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатты, — делінген Бас прокуратура хабарламасында.