«Қасиетті жерлерді қопарды»: Ақтөбе облысында алтын іздегендер даланың астаң-кестеңін шығарған

Ақтөбе облысында алтын іздгендер кең даланың астаң-кестеңін шығарған. Жер қазғандар тіптен елді қорғаған батырлардың қорымына дейін жеткен. Ал ақтөбелік шаруа қожалықтары бірнеше жылдан бері әділдік ісздеп, шағымданса да алтын қазғандардың әрекетін тоқтата алмай отыр, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.

Дауға айналған аймақ Хромтау ауданының Қопа ауылында туындап отыр. Соңғы 4-5 жылдан бері бұл өңірге алтын іздеушілер жиі келе бастаған.  Ақпан сайының бойын қазып, техникамен әр жерді үңгіген алтын іздеушілердің әрекеттері сол жердегі шаруа қожалықтарын алаңдатып отыр.  Өйткені ол жерде айтулы батыр Ақпан Келімбердіұлының қорымы жатыр.

 

«Менің шаруа қожалығым «Ақпан» деп аталады. Өйткені ертеден келе жатқан жердің аты Ақпан сайы болғандықтан, құжатта солай тіркедім. Бірақ бұл жерде Ақпан батырдың қорымы бар екенін кейін білдім. Сонау Маңғыстаудан ұрпақтары келіп,басына құлпытас қойып кетті. Содан бастап бұл жердің тегін еместігін, тарихи орынды жайлап отырғанымды түсіндім. Бірақ алтын іздеушілер жерімді жыл сайын бүлдіріп барады. Мен олармен 5 жылдан бері арпалысып келемін. Олар министрліктің арнайы рұқсатын көрсетеді. Сонда жергілікті тұрғындардың пікіріне құлақ аспай ма? Бұл туралы талай комиссия құрылып, жұмыс тобын әкелуге күш салдым. Бірақ еш нәтиже жоқ, Ертең жерді тапсыратын болсам бүлінген, қазылған жерлердің бәріне мен жауап беремін. Қасиетті жерлерді қопарып жатры», — деген еді «Ақпан» шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Қарамолдиев.

Шаруалар Прзидент әкімшілігінен бастап жауапты құзырлы органдардың барлығына шағым жазған, жағдайдан облыстық әкімдіктегілер де хабардар. «Ақпан» шаруа қожалығының басшысы орын алған жағдайды да шырылдап, жұртқа жеткізген. Біраз уақыт бұрын дау шыққан жерге облыстық Мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының өкілдері,  тарихи-мәдени мұраны зерттеу және қорғау орталығының басшысы да барған. Ал құзырлы органдар заңсыз қазылған жерлерді тексеріп, алтын іздеушілерге айыппұлда салған. Бірақ, азғантай айыппұлмен құтылған компанияның адамдары елге ерсі әрекеттерін сол қалпы тоқтапаған.

 

«Облыс жерінде  республикалық маңызы бар 9 тарихи-мәдени ескерткіш,  облыстық маңызы бар 863 ескерткіш бар. Олар мемлекеттік қорғауға алынған. Сонымен қатар археологиялық зерттеуді қажет ететін 1500-ге жуық қорым бар. Олар алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Ақпан батырдың жерленген жері есепке алу тізіміне енгізілді.  Оның мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін заңға сәйкес тарихи және мәдени ескерткіштермен бірге қорғауға жатады. Демек, тізімге енген күннен бастап тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесіне ие болады», — деп пікір білдірген еді ді тарихи-мәдени мұраны зерттеу және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов.

Ал сол маңдағы алтын іздеушілер  барлау жұмыстарын жүргізу үшін портал арқылы заңды рұқсаты бар құжаттарды алға тартқан. Алайда батырдың ұрпақтары жердің бүлінуіне қарсы. Олардың айтуынша, биыл Ақпан батырға арналып кесене салынбақ. Жергілікті әкімдіктен бұл жердің қорғалуын, қоршалуын қамтамасыз етуді сұрап отыр. Ақтау қаласында тұратын батырдың ұрпағы Құралбай Қарабалаев, қорымды қорғау керек деп санайды.

«Ақпан» шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Қарамолдиевтің айтуынша, мәселе толық тексерілмей отыр. Олардың сөзінше, бұл істің артында аты жұртқа танымал, кезінде билікте болған лауазымды тұлғалар тұр. Алтын іздеушілер Ақпан сайын бойлап ағатын суды бөгеп, алтын жууға пайдаланған. Кесірінен су ақпай, шаруашылықтың малы сусыз қалған. Батыр ұрпақтары мен қожалық иесінің ендігі үміті «Жер аманаты» жер комиссиясындағы адамдарда. Ал аруақтан қорықпағандар даланы ауыр техникалармен қопаруды тоқтатар емес.