Гүлдаладағы газ жарылысы: 20 жастағы әйел қайтыс болды

Бұған дейін 32 жастағы азаматтың жан тапсырғаны хабарланған болатын. 17 желтоқсанда Алматы облысындағы Гүлдала елді мекеніндегі жеке үйлерде газ жарылған еді.  Оқыс оқиғаның себебі газ құбырындағы қысымның күрт өсуімен байланысты.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен түскен ақпаратқа сәйкес, жағымсыз жағдай Байтұрсынов көшесінде сағат 6:15-те және Сүйінбай көшесінде сағат 8:20-да орын алған.

«Жеке тұрғын үйлерде газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан газ жарылды. Зардап шеккен төрт адам ауруханаға жатқызылылды. Оқиғаның себебін анықтау үшін зерттеу-сынау өрт зертханасының қызметкерлері мен төтенше жағдайлар бөлімінің анықтаушысы барды», — деп хабарлады әкімдік.

Бұл оқиғадан кейін «Тәуекел-Н-Алғабас» газ шаруашылығы мекемесінің өкілдері Гүлдала ауылындағы тұрғын үйлерді тексеріп шыққан. Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы 32 жастағы жігіттен соң екінші науқастың да қайтыс болғанын хабарлады. Тұрғын үйдегі газдың жарылуынан оның денесінің 95% күйік шалған.

«Ауыр жарақат салдарынан 1991 жылы туған ер адам 21 желтоқсанда көз жұмды. Ал осы түнде 2003 жылғы бойжеткен жантәсілім етті. Оның денесін 3-4 дәрежелі күйік шалған», — деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.