Sorting by

×

Алматыда жүрекке ота жасайтын орталық ашылды

Алматы Қалалық кардиология орталығында МӘМС және ТМККК аясында жүрекке жоғары технологиялық шағын инвазивті оталар жасалатын TAVI орталығы ашылды, деп хабарлайды Qazaq.today.

Орталықта науқастар қажетті тексеруден – жүректің ультрадыбыстық зерттеуінен өте алады. Мұнда жоғары деңгейде диагностикалық бейнелеуге мүмкіндік беретін 128 тілімнен тұратын заманауи КТ аппараты бар.

Одан кейін көрсеткіштер бойынша пациенттерге хирургиялық араласу – TAVI отасы (transcatheter aortic valve implantation) жасалады.

Бұл қолқа қақпақшасының стенозын емдеудің заманауи әдісі, мұнда тарылған клапан жүрекке ашық операция жасамай-ақ тамыр арқылы ауыстырылады. Отаның бұл түрі наркозсыз өтіп, науқасты аз жарақаттанатыны сөзсіз. Дәстүрлі хирургиямен салыстырғанда науқас қалпына тез келеді және оның ауруханада жату мерзімі қысқарады.
Енді жүрекке ашық ота жасауға қарсы көрсетілімі бар ауыр науқастарға операция жасаудың бірегей мүмкіндігі бар. Мұндай ота 70 жастан асқан жүрек ауруы бар науқастарға көрсетілген.

TAVI орталығының ашылуы аясында Қалалық кардиологиялық орталықтың қызметкерлеріне шеберлік сабағын өткізу үшін Фрайбургтен (Германия) эндоваскулярлық хирургия директоры Франц-Йозеф Нейман арнайы шақырылды

«Алматы — еліміздегі ең ірі мегаполис. Мұндағы TAVI хирургиясына қажеттілік өмір сүру ұзақтығының ұлғаюымен және диагностиканың жақсаруымен бірге артып келеді. TAVI әдісін қолдану және TAVI орталығының ашылуы денсаулық сақтау жүйесі мен пациенттер үшін бірнеше маңызды артықшылыққа ие: дәстүрлі ота тым қауіпті егде жастағы пациенттер үшін қолжетімділігі; отадан кейін қалпына тезірек келуі; асқыну ықтималдығының аз болуы; TAVI отасы аорта қақпақшасы стенозының ауыр түрімен ауыратын науқастардың өмір сапасын айтарлықтай жақсартады және кардиохирургия саласындағы одан әрі ілгерілеу үшін маңызды болып табылатын медициналық зерттеулерді дамытуға, арнайы мамандарды дайындауға өз үлесін қосады», — деп бөліседі Қалалық кардиология орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Роза Қуанышбекова.

Қазір Алматы қаласында жылына 20-22 ота жасалса, мұқтаж науқастардың қажеттілігі жылына 200-250 отаға дейін жетеді.

Мұндай отаны жүзеге асыру үшін Орталықта ҰҒКО, Германия және Түркия клиникаларының жетекші мамандарынан білім алған қызметкерлер бар.

«Қолқа қақпақшасының стенозы жүректен денеге қанның қалыпты өтуіне кедергі келтіретін саңылаудың қатты тарылуымен сипатталады. TAVI процедурасы сандағы артерия арқылы енгізілетін катетер арқылы жүзеге асырылады. Катетер жаңа клапанды қалаған жерге жеткізіп, онда ол тарылған клапанды ашады және ауыстырады. Бұл процесс наркозсыз жасалады және жүрекке ашық ота жасауды қажет етпейді де қан ағымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Ал мұның барлығы бір жерде шоғырлануы науқастың проблемасын тез шешуге мүмкіндік береді», — дейді Қалалық кардиологиялық орталықтың рентген хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Оразбек Сахов.

TAVI орталығы қолқа қақпақшасының стенозы бар науқастар үшін шағын инвазивті процедураларды қолдану арқылы емдеу нәтижелерін жақсартуға арналған. Бұл орталық Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының тапсырысы мен қолдауымен жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге деген көзқарасты өзгерту және пациенттеріміздің өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында құрылған.

Qazaq.today