БҚО әкімі Тасқала ауданы тұрғындарымен кездесті

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Тасқала ауданы орталығында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Аудандық мәдениет үйінің акт залында өткен кездесуге облыстық басқармалардың басшылары, құқық қорғау органдары өкілдері, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, бөлім басшылары қатысты, деп хабарлайды Qazaq.today.

Алдымен аудан әкімі Талғат Асқарұлы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан екі жыл бұрын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әкімдердің сайлауын біртіндеп қолданысқа енгізе бастау керектігі жөнінде айтылған болатын. Сол бастама ойдағыдай орындалып, ауылдардың әкімдері тікелей тұрғындардың дауыс беруі арқылы қызметке кірісті. Алғаш рет елімізде аудан әкімдері сайлауы өтіп, халық өз таңдауын жасады. Баршаңызға сайлауда сенім артып, қолдау білдіргендеріңізге үлкен алғыс айтамын. Ендігі кезекте өздеріңізбен бірлесе отырып, сайлауалды бағдарламаны іске асыратын боламыз. Тұрғындармен ашық алаңда кездесу, еркін әңгіме, өзара диалог бұл бүгінгі күннің басты талабы. Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қалыптастыру — демократиялық жүйенің жеделдей түсуіне жол ашпақ. Сондықтан, тоқсан сайын ауыл-ауылды аралап, елмен ашық алаң басында бас қосып, пікірлесіп отыру жолға қойылды. Жыл басынан бергі кездесулерде 180 мәселе көтерілді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде соның 112-і (62%) оңды шешімін тапты. Ал, 53-і (30%) орындалу барысында және 15 (8%) мәселе ұзақ мерзімді бақылауда тұр. Тұрғындар өтініші назарда болады және шешу жолдарын үздіксіз қарастырып, тиісті шара қабылдап отырамыз», — деген аудан әкімі инвестиция, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары саласы, жұмыспен қамту және әлеуметтік сала, білікті мамандарды ауылға тарту, мәдениет саласы, білім беру саласы, ұялы байланыс пен интернет сапасы жөнінде ауданда атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.

Келесі кезекте сөз алған өңір басшысы Нариман Төреғалиев облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, алда атқырылар жұмыстарды тілге тиек етті.

«Ағымдағы жылдың 5 қарашасында пилоттық жобада үш ауданда әкімі сайлауы өткен болатын. Өздеріңіздің таңдауларыңызбен ауданға жаңа басшы тағайындалды. Талғат Асқарұлы халықтың сенімін ақтайды деген үлкен сенімдеміз. Халықпен кездесу форматы соңғы үш жылда өзгертілді. Биылғы жылы қыркүйек айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жолдаған болатын. Үш жылдың ішінде осы Жолдаудан туындайтын мәселелердің бәрін орындап шығуымыз керек. Еліміздің экономикасын дамыту өндіріс орындарымен тікелей байланысты. Қазір Облысымызда өздеріңізге белгілі өнеркәсіп өндірісінің дамуына біздер үлкен күш салып жатырмыз. Олар тек инвестиция тарту арқылы ғана дамиды. Соған үлкен күш салып жатырмыз. Соның ішіңде өңдеу өнеркәсібіне баса назар беріп жатырмыз. Биылдың өзінде 2,4 триллион теңгеге 67 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда тұр. Бірқатар инвестициялық жобалар іске асты, жылдың аяғына дейін қалғанын аяқтаймыз», — деді Нариман Төреғалиұлы.

Кездесу барысында жер, қысқа техникалардың дайындығы, жастардың басын біріктіріп, жаңа жұмыс орындарын құру сынды мәселелер қозғалды. Жиын соңында облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Qazaq.today