БҚО-да жергілікті халық үш аудан әкімін сайлады

Батыс Қазақстан облысындағы үш аудан әкімдерінің пилоттық сайлауы ұйымдастырушылық жағынан айтарлықтай жақсы деңгейде өтті. Сайлау барысында учаскелік комиссия мүшелерінің үстінен бірде-бір шағым түскен жоқ. Батыс Қазақстан аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов аудан әкімдері сайлауының қорытындысын жариялады, деп хабарлады Qazaq.today.

Үш округтің сайлаушылар тізімінде 28 897 азамат болды. Сайлау күні дауыс беруге барлығы 17 033 сайлаушы қатысты, бұл сайлаушылардың жалпы санының 59 пайызын құрады.

«Біз сайлаушылардың 100% қатысуын мақсат етіп қойған жоқпыз. Ең бастысы, сайлауға баршаның белсенді қатысуы үшін әрбір сайлаушыны жеке шақыру арқылы да, цифрлық технологияларды пайдалана отырып, СМС хабарлама жіберу арқылы да құлақтандырдық. Сайлау комиссияларының әрбір мүшесін оқытуға және олардың сайлау үдерісі мәселелері бойынша құзыреттілігін арттыруға басты назар аударылды. Сонымен қатар, округтерде 10 қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп, сайлау учаскелерінде өзін тізімнен таппаған сайлаушылар олардан қажетті ақпаратты ала алды. Сайлаушылардың жалпы санынан 8 адам ғана олардың қызметін пайдаланды, бұл сайлаушылар тізімдерінің барынша дұрыс жасалғанын көрсетеді», — деп атап өтті Ғайса Қапақов.

Сондай-ақ, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, сайлауға 451 байқаушы белсенді қатысып, әр учаскеде 5-6 байқаушы тіркелген, олардың арасында саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де бар.

Аудан әкімдерінің сайлауына тоғыз кандидат, әр ауданнан үш үміткерден қатысты. Сайлау қорытындысы бойынша Бөкей ордасы ауданында Мирамбек Ғылмановқа — 782 дауыс, Нұрлыбек Даумовқа — 4660 дауыс, Нарынбек Керешке — 426 дауыс берілген. «Барлығына қарсы» деген белгі қойылған бюллетеньдер саны – 178.

Қаратөбе ауданында Қанат Мұқановқа – 557, Ермек Сайыновқа – 448, Қадыржан Сүйеуғалиевке – 4329 сайлаушы дауыс берді. «Барлығына қарсы» деген белгісі бар бюллетеньдердің саны — 115.

Тасқала ауданында Мэлс Нарықовқа – 1032, Бекжан Тоғжановқа – 381, Талғат Шакировке – 3138 сайлаушы дауыс берген. «Барлығына қарсы» деген белгі қойылған бюллетеньдердің саны – 317.

Дауыс беру нәтижесінде Бөкей ордасы ауданының әкімі болып Нұрлыбек Даумов, Қаратөбе ауданының әкімі болып Қадыржан Сүйеуғалиев, Тасқала ауданының әкімі болып Талғат Шакиров сайланды.

Qazaq.today