«Біз ашық, демократиялы мемлекетте тұрмаймыз» – Елжан Біртанов

Бұрынғы денсаулық министрі Елжан Біртанов «Қасқа жол» Youtube арнасына сұхбат берді. Ол Қаржылық бақылау агенттігінен Президент Тоқаевқа «Біртанов ақша алады, жемқорлыққа белшеден батқан, оған бұлтартпас айғағымыз бар. Оны тергеуге рұхсат беріңіз» деген мазмұнда хат келгендігі туралы әңгіменің ашығын айтып берді, деп хабарлайды Qazaq.today.

«Президентке осы ақпарат жеткен соң, ол кісі, әрине, «ашық тексеріңдер, анықтаңдар» деп айтады. Бірақ, нәтижесінде,  сотта Біртанов ақша ұрлады деген айып болған жоқ. Ондай жағдай ешқашан болмаған да. Пара алған, жемқорлыққа батқан адам емеспін»,-деді ол.

Экс-министр өзіне «тапсырыс берген» адамдардың аты-жөнін айтуға қорқатынын жеткізді.

«Әрине, қорқамын. Біріншіден, біз ашық, демократиялы мемлекетте тұрмаймыз. Екіншіден, олардың атын нақты білмеймін. Нұсқалар бар. Сот кезінде олардың атын атау керек пе деген ойлар болды. Сот бітті, үкім шықты. Мен қылмыскер деп саналамын. Енді не істеймін? Ары қарай өмір сүруім керек. Мақсаттарым бар. Менің ойымша, олар ерте ме, кеш пе бәрібір анықталады. Тергеудің артында кім тұрғаны маңызды емес. Ең бастысы Біртанов пен Әбішев жемқор емес деген жағдай анықталады деп сенемін», дейді ол.

Айта кетсек, экс-министр Елжан Біртанов 2020 жылдың 25 маусымында Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды. 2020 жылғы 3 қарашада қамауға алынды. Елжан Біртанов пен оның көмекшісі Олжас Әбішевке «өкілеттігін асыра пайдалану», «санавиация бортын заңсыз пайдалану» деген айыптар тағылды. Кейін

2022 жылғы 28 қазанда Сот «санавиация бортын пайдаланды» деген айыпты алып тастады. Ал «лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану» ҚК-нің 361-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевті кінәлі деп тапты. Біртановқа бес жыл және Әбішевке төрт жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Фото: ашық дереккөзден

Qazaq.today