Шағын журналистік зерттеу: Криптовалюта арқылы ақшаны заңдастыру және шетел асыру қалай жүзеге асады?

Тақырыпты бастамас бұрын аздаған кіріспе ретінде криптовалютаның сипаттамасы және олардың қазіргі экономикадағы рөліне шолу жасап, халықаралық деңгейде және Қазақстанда криптовалюта арқылы ақшаны заңдастырудың бұрын болған жағдайларын айтып, криптовалюта платформалары арқылы капиталды заңсыз шетел асыру мәселесіне тоқтала кетейік.

Криптовалюталардың сипаттамасы және олардың қазіргі экономикадағы рөлі

2009 жылы биткоиннің пайда болуынан бастап криптовалюталар ақша туралы түсінік пен оның жұмыс істеу үрдісіне төңкеріс жасады. Негізінде, криптовалюта – қауіпсіздік үшін криптографияны қолданатын цифрлық немесе виртуалды валюта. Капиталдың осы түрін жалғаннан жасау мүмкін емес. Сондықтан, шектеулі ғана саны бар оның құны әлі күнге жойылған жоқ. Олардың дәстүрлі валюталардан айырмашылығы оның физикалық нұсқасы жоқ, үкімет немесе орталық банк сияқты орталық орган тарапынан бақыланбайды және әдетте барлық транзакциялардың орталықтандырылмаған дерекқорын жүргізетін блокчейн деп аталатын бөлінген технологиясы бар.

Заманауи экономикадағы криптовалютаның рөлі кеңейіп, дамып келеді. Олар интернетке қосылған кез келген адам жаһандық қаржы жүйесіне делдалсыз қатыса алатын қаржылық еркіндіктің жаңа парадигмасын ұсынды. Бұл әсіресе дәстүрлі банктік қызметтерге қол жеткізе алмайтындар үшін маңызды. Сонымен қатар, криптовалюталар трансшекаралық төлемдер мен аударымдарды әлдеқайда жылдам және арзанырақ жасады, бұл баяу және қымбат дәстүрлі әдістерге балама ұсынды.

Инвестициялық салада криптовалюта жаңа актив класына айналды. Инвесторлар мен алыпсатарларды осы активтердің жоғары құбылмалылығымен байланысты елеулі тәуекелдерге қарамастан, кірістілік әлеуетінің жоғарылығы қызықтырды. Сонымен қатар, криптовалюталарды күнделікті іскерлік операцияларда пайдаланудың жаңа мүмкіндіктері ашылып, тауарға төлем ретінде қабылданып, арнайы банкомат сияқты коинматтар қойыла бастады. Естеріңізге сала кетейік, Алматы мен Астанада да криптовалюта мен фиат ақшаны ауыстыратын автоматтар қойыла бастады.

Дегенмен, криптовалюталардың экономикадағы рөлі проблемалар мен қиындықтарды да қоса әкелді. Мәселенің негізгілерін атап өтсек. Ең бастысы оны реттеу, қаржылық тұрақтылық және біздің зерттеу тақырыбыңызда көрсетілгендей, криптовалютаны пайдалана отырып заңсыз капиталды, ақшаны шетел асыру және жемқорлықтың жаңа үлгісі ретінде пайдалану тәуекелдері артып барады. Осы қызметті ұсынып отырған әлемдік платформалар мен реттеушілер инвесторларды қорғау мен инновацияны ынталандыру арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысқандықтан, мұндай транзакциялардың анонимділігі мен трансұлттық сипатына байланысты криптовалюталар арқылы ақшаны жылыстатуды бақылау қиынның қиыны болып қала береді.

Бір сөзбен айтқанда, криптовалюта – инвестиция, сауда жасау және қаражатты сақтау үшін жаңа мүмкіндіктер ұсына отырып, заманауи қаржы экономикасының өзгеше жаңалығы болып қала берері сөзсіз. Цифрлы валютаның ықпалы күн сайын өсуде және ол болашақ қаржы әлемінде одан да маңызды рөл атқаруы мүмкін.

Енді, халықаралық деңгейде және Қазақстанда криптовалюта арқылы ақшаны заңдастырудың бұрын болған жағдайларына қысқаша шолу жасап көрейік.

Соңғы жылдары криптовалюта заңды қаржылық операцияларды жүзеге асыру үшін ғана емес, сонымен қатар ақшаны шетел асыру/оффшорға аудару құралына айналды. Өз ерекшеліктеріне байланысты – пайдаланушылардың анонимділігі, орталықтандырылған бақылаудың болмауы және трансшекаралық сипат – криптовалютаны қылмыстық схемалар мүмкіндік ретінде пайдалануға жол ашып отыр.

Халықаралық деңгей:

  1. «Silk Road» кейсі: ақшаны жасырын шетке шығару үшін криптовалюта пайдаланылған ең танымал жағдай – Tor желісі арқылы жұмыс істейтін және Биткоинді заңсыз тауарлар мен қызметтерді қоса, жасырын сатып алу құралы ретінде пайдаланған «Silk Road» сауда порталы. «Silk Road» жабылғаннан бері ФБР миллиондаған доллар тұратын биткоинді тәркілеген.
  2. Хакерлік шабуылдар және Ransomware: мысалға WannaCry сияқты төлем бағдарламаларының шабуылдары жатады, олар Bitcoin төлемдерін талап етті. Кейінгі транзакцияларды қадағалау өте қиын болды.
  3. Оффшорлық криптовалюталар: кейбір криптобиржалар салықтық және реттеуші бақылауы бар юрисдикцияларда жұмыс істеп, ақшаны шетке шығаруға байланысты күмәнді транзакциялар жасап отырған.

Қазақстандағы жағдай қалай?

Қазақстан өңірлік қаржы хабы болуға ұмтыла отырып, соңғы уақытта криптовалюта операцияларын реттеу бойынша белсенді бола бастады. Әлемдегі ең танымал Binance брижасының иесі президент Тоқаевпен жолығып, криптовалютаны елге енгізу, заңдастыру ісі бойынша шарттарға қол қойды. Осыған қарамастан, Қазақстанда криптовалюта арқылы ақшаны заңдастыру туралы құжатталған істер халықаралық тәжірибемен салыстырғанда әзірге мүлде белгісіз жағдайда қалып отыр. Осы шағын зерттеуді жүргізіп отырған Qazaq.Today тілшісінің сұрағына жауап берген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі: «Қазақстанда криптовалюта айналымы жоқ» деп жауап берді.

Ал, енді қаржылық сарапшы Айбар Олжайдың пікірінше біз цифрлы валюталарды не заңдастырып оған бақылау орнатуымыз керек, не мүлде тыйым салу керекпіз. Екінші жол мүлде тиімсіз. Сондықтан, бірінші жолды таңдап отырмыз.

«Біз кешігіп қалдық па деген сұрақ туындайды, бірақ, ештен кеш жақсы. Қазақстанда 30 жыл бойы капитал сыртқа өте көп кетті. Теңгенің әлсіз болуы, бағаның көтерілуі, импортқа тәуелді болуымыздың барлығы осы қаржының сыртқа кетуімен байланысты. Себебі капиталдың сыртқа кетуі ол біздің сыртқы төлем балансының дефицитті болуына алып келеді. Сыртқы төлем балансы дефициті болса, яғни, капитал келгеннен көрі сыртқа көп кететін болса, онда біздің теңгеге деген қысым күшейе түседі. 30 жыл бойы теңгеге қысым жалпы осы жақтан келді, өйткені ақша сыртқа кетіп қала береді. Іште ақша жоқ. Резервтерді ұстап отыратын ешқандай күш қалмай қалады. Сондықтан капитал сыртқа кетуі кез келген елдің экономикасы үшін ол өте жағымсыз, жаман құбылыс. Көп елдер негізгі капиталды сыртқа шығармауға тырысады. Тек қана заңды жолдары, импорт-экспорт болмаса мүлде шығармайды. Ол кезде де қарайды, ал былай капиталды сыртқа шығаруда олар терроризмге қарсы және «отмывание денег» шаралары бойынша тосқауыл қояды» дейді.

Криптовалюта бойынша тілші сұрағына жауап берген сарапшы: «Қазақстанда қаржы туралы заңдар бар. Әрине, банктер өз жұмысында банк және банк қызметі заңнан қарайды. Ұлттық банктің өзінің заңы бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ішкі жұмыс ережелері бар. Біз енді арнайы цифрлық активтерге қатысты баптар бар ма дегенге келетін болсақ, қазіргі заңдардың барлығы негізі фиат, кәдімгі ақшаға негізделген. Олар активті ақша түрінде есептейтін. Бірақ менің ойымша, алдағы 1-2 жылда кішкене өзгерістер енгізуі мүмкін. Цифрлы активтердің, криптовалютаны да есепке алып, сол бойынша тосқауыл жұмыстарын жүргізу үшін. Себебі қазір біздің, заңсыз ақша айналымының ақырындап криптовлютаға ауысып бара жатқанын көріп отырмыз. Орталықсыздандырылған токендер. Оны қадағалау, қарап отыру, тоқтату өте қиын. Көп мемлекеттер оны тек қана заңдастыру жолмен келе жатыр, бірақ соның өзінде, бәрін қадағалап отыру өте қиын. Сондықтан біздерге ондай бап керек» дейді.

Қазақстанда бұл салада ашықтықтың және нақты жауап беретін мекеменің болмауына байланысты біз өз тақырыбымызды тек халықаралық кейстермен толықтырып, сарапшы пікірімен өрбітеміз. Қазақстандағы майнинг фирмалардың «Ескі Қазақстандағы» беделді шенділерге тиеселі екенін ескерсек, криптовалюта арқылы шетке ақша асыру операцияларының басым бөлігі жария болмай, жабық күйінде қалғанын көреміз.

Криптовалюта экономикасының жаһандық сипатын ескере отырып, Қазақстанда ақшаны жылыстату, «арам» капиталды жуу жағдайлары әлемдік үрдістермен байланысты болуы мүмкін. Мысалы, егер халықаралық криминалдық топ ақшаны жылыстату үшін криптовалюталарды пайдаланса, онда бұл қаражаттың бір бөлігі қазақстандық платформалар арқылы өтуі немесе қазақстандық криптовалюта пайдаланушылары осы операцияларға қатысуы мүмкін.

Осы шағын зерттеудің автор болған біздің өзімізге қытайлық кәсіпкерлердің ақшасын Дубайдағы белгісіз компанияға қарай USDT/Юань жұбымен қаражат аударып отыруға ұсыныс түскенін қайтерсіз. Олар менің осы салада тәжірибем бар екенін әлеуметтік желідегі жазбаларым арқылы көріп, байланысқа шыққан болу керек деген ойға келдім. Бірден түпкі ойларын ашық айтып, ұсыныс жасады. Біз бас тарттық.

Сондағы негізгі мақсаттары Қытай банкіндегі негізгі қаражаттарын шетел асыру. Қазақстанға әртүрлі тұрмыстық тауарларды жеткізеді, ал сол тауардың ақысын криптовалюта күйінде Дубайға жіберіп беріп отыруымызды сұрады.

Қазақстан билігі криптовалюта операцияларын заңсыз қызметте пайдаланудың алдын алу үшін оларды бақылауды күшейтуге тырысуда. Ол әрекеттер қазір Астана қаржы орталығында жасалып жатыр. Криптовалюта платформалары пайдаланушыларды міндетті түрде сәйкестендіру/жеке куәлік арқылы тіркелуге міндеттеп отыр. Бұл дегеніңіз криптовалюта биржасына тіркелген әрбір қазақстандықтың қаржылық айналымы Қаржы нарығын реттеу агенттігіне жіберіліп отырады.

Бұл шаралар ақшаны жылыстату қаупін азайтуға бағытталған.

Қорытындылай келе, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ақшаны криптовалюта арқылы жылыстату — бұл реттеушілердің, қаржылық қоғамдастықтың және технологиялық компаниялардың кешенді бірге жұмыс істеу тәсілін қажет ететін күрделі және көп қырлы мәселе. Қазақстан мұндай шараларды белсенді әзірлеу және енгізу жолында тұр, алайда елдегі проблеманың толық көрінісі мен ауқымы анық емес.

Былтыр 2022 жылы Қайрат Келімбетов «Astana Finance Days 2022» шарасында: «Криптовалюталарды банктер арқылы қолма-қол ақшаға айналдыру керек. Мұндай міндетті талап ақшаны заңсыз шетел асыру, заңдастыру операцияларының алдын алады» деген болатын.

ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Қаржы мониторингі субъектілерімен жұмыс департаментінің басшысы Ғабит Лесбековтың айтуынша, орталықсыздандырылған цифрлық технологиялар шынымен де ақшаны шетке шығарудың таптырмас және ең сенімді жолы екен.

«Ал екінші деңгейлі банктер ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің белсенді қатысушылары» дейді Ғ.Лесбеков.

Криптовалюта платформалары арқылы ақшаны жылыстатуға кіріспе

Жемқорлықпен немесе т.б жолмен табылған ақшаны жуу – бұл қылмыскерлердің заңсыз табылған қаражатты заңды қылып көрсететін «таза» қорларға айналдыру процесі. Цифрлық ғасырда криптовалюталар өздерінің анонимділігіне және трансшекаралық транзакциялардың жеңілдігіне байланысты мұндай транзакциялар үшін өте тартымды құрал болып отыр.

Криптовалюта платформаларының, соның ішінде биржалар мен әмияндардың пайда болуымен халықаралық реттеушілер мен құқық қорғау органдары үшін жаңа міндеттер туындады. Технология ретінде блокчейн барлық транзакциялардың ашықтығы мен есеп беруін қамтамасыз еткенімен, криптовалюталар мен қызметтердің кейбір түрлері (мысалы, жеке крипто коиндар және орталықтандырылмаған биржалар) жіберуші мен алушының жеке басын жасыруға мүмкіндік береді, бұл заңсыз қаржылық ағындарды қадағалауды қиындатады.

Криптовалюта платформалары – қылмыскерлер оларды үлкен соманы кішігірім транзакцияларға бөлу немесе виртуалды валюталарды дәстүрлі активтерге және керісінше айырбастау үшін пайдаланған кезде ақшаны жылыстату схемаларының ордасына айналады. Бұған қаражат көзін бақылауды қиындату үшін криптовалюта араласатын «араластыру» немесе «ауыстыру» сияқты әдістер кіруі мүмкін.

Қазақстан, көптеген басқа елдер сияқты, криптовалюталар арқылы ақшаны жылыстатумен күресу үшін заңнамалық және нормативтік базаны бейімдеу мәселесіне тап болды. Нормативтік қадағалауды және халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған күш-жігерге қарамастан, қолданыстағы тетіктер осы жылдам дамып келе жатқан мәселені шешуге әлі толық қабілетті емес.

  1. Қазақстандағы криптовалюта нарығына шолу

Жергілікті криптовалюта нарығын зерттеу

Қазақстандағы криптовалюта нарығы бірегей ерекшеліктері мен сын-тегеуріндері бар қарқынды дамып келе жатқан сектор болып табылады. Ел цифрлық валюталарды өз экономикасына интеграциялауға қызығушылық танытып, оларды инвестициялар тарту және инновацияларды дамыту құралы ретінде қарастырды. Мысалы, өткен 2022 жылдың мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Binance компаниясының бас директоры Чанпен Чжаоды қабылдады. Әлемдегі ең ірі Binance криптобиржасының негізін қалаушы әрі бас директоры Астанаға жай келген жоқ. Екі тарап Қазақстанда цифрлық қаржы саласында, блокчейн технологиясы бағыты бойынша білім беру және Қазақстанда криптоиндустрияның өңірлік хабын құру мәселесін талқылады. Біздің цифрлы теңгеміз де осы Binance биржасының негізгі токені BNB блокчейні арқылы жұмыс жасамақ.

Инфрақұрылымды дамыту

Қазақстан соңғы жылдары криптовалюталар үшін қажетті инфрақұрылымды құруда айтарлықтай ілгеріледі. Елде криптовалюта биржалары, крипто әмияндар және айырбастау қызметтері жұмыс істей бастады, олар пайдаланушыларды цифрлық активтерді сатып алу, сату және сақтау үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.

Құқықтық реттеу

Қазақстан Үкіметі инвесторларды қорғау және заңсыз қызметтің алдын алу үшін криптовалюта нарығын реттеу қажеттігін мойындады. Криптовалюта индустриясы үшін құқықтық нормаларды енгізу нарықтың барлық қатысушылары үшін ашық және тұрақты орта құруға бағытталған.

Криптовалюта майнинг

Қазақстан электр энергиясының төмен тарифтері мен IT-бизнес үшін қолайлы жағдайлардың арқасында криптовалюталарды өндіруге арналған ірі орталықтардың бірі ретінде таныла бастады. Алайда, бұл елдің электр желісіне қосымша жүктеме әкеліп, энергияны көп қажет ететін майнинг жұмыстарын реттеу қажеттілігі туралы пікірталастар туғызды.

Инвестициялық климат

Қазақстандағы криптовалюталар үшін инвестициялық ахуал мемлекеттік бастамалармен және финтех саласындағы стартаптарды қолдау бағдарламаларымен ынталандырылады. Алайда, әлеуетті инвесторлар белгіленген реттеу тәжірибесінің болмауына және заңнамадағы ықтимал өзгерістерге байланысты қазірге біздің елге келуге күмәнді жағдайда тұр.

Перспективалар мен қиындықтар

Қазақстандағы криптовалюта нарығының перспективасы жақсы болып көрінгенімен, криптовалюталардың жаһандық құбылмалылығына, халықтың криптовалюталар және олардың тәуекелдері туралы білімінің аз болуына байланысты, сондай-ақ ақшаны жылыстату/жуу/заңдастыру және ең маңыздысы криптовалюта арқылы терроризмді қаржыландыруға жол ашылғандықтан, біздің ел оған қарсы күрес жөніндегі шараларды әзірлеуге байланысты сын-қатерлерге қалып отыр.

Транзакцияларды талдау және криптовалюта ағындарын қадағалау әдістері

Криптовалюта ағындарын қадағалау және транзакцияларды талдау ақшаны жылыстатуға және қаржылық қылмысқа қарсы күрестің негізгі элементтері болып табылады. Бұл процесте әртүрлі әдістер мен технологиялар қолданылады:

  1. Блокчейн – Аналитика

Blockchain аналитикалық платформалары зерттеушілерге нақты уақытта блокчейн транзакция деректерін көруге және талдауға мүмкіндік береді . Бұл платформалар:

  • Атақты тұлғалармен немесе ұйымдармен байланысты мекенжайлар кластерін анықтау.
  • Күдікті әрекетті анықтау үшін транзакция ағындарын бақылау.
  • Ақшаны жылыстатудың ықтимал үлгілерін анықтау үшін транзакцияның кірістері мен шығыстарын талдау.
  1. Heuristic Analysis

Heuristic талдау ақшаны жылыстатуды көрсетуі мүмкін қайталанатын үлгілер мен күдікті транзакцияларды анықтау үшін алгоритмдерді пайдалануды қамтиды, мысалы:

  • Аз мөлшерде жиі алмасу (смурфинг).
  • Есеп беру шегін болдырмау үшін транзакцияларды құрылымдау .
  1. Байланысты талдау (Link Analysis)

Блокчейн мекенжайлары мен транзакциялар арасында қарым-қатынас орнатуға көмектесетін әдіс. Ол қаражаттың шынайы табиғаты мен көзін жасыратын күрделі операциялар тізбегін аша алады.

  1. Таймстемп

Транзакция уақыт белгілерін талдау әртүрлі транзакциялар мен пайдаланушы әрекеті арасындағы ықтимал корреляцияны анықтай алады, бұл оларды әртүрлі уақытта бақылауға мүмкіндік береді.

  1. KYC және AML тексерулері

Клиентіңізді біліңіз (KYC) және Ақшаны жылыстатуға қарсы (AML) процедуралары криптовалюталық биржалар мен платформаларға заңсыз әрекет қаупін азайта отырып, пайдаланушылардың жеке басын бақылауға және тексеруге көмектеседі.

  1. Транзакцияларды араластыру талдауы

Криптовалюта арқылы ақша заңдастырушылар өз іздерін жасыру үшін үнемі «араластыру» немесе «аз мөлшерде жиі ауыстыру» әдісін қолданады. Талдау осы қызметтерді пайдалануды тануға және «тартылған» қаражаттың ізін байқауға көмектеседі.

  1. FIU ақпаратымен интеграция

FIU – қаржылық барлау қазметі. Осы ұйыммен бірлесе жұмыс жасап, күдікті транзакциялар мен бақылаудағы адамдар туралы ақпаратқа қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс жасауға болады.

  1. Жасанды интеллект пен машиналық оқытуды қолдану

Блокчейндегі аномалиялар мен әдеттен тыс әрекеттерді анықтау үшін машиналық оқыту алгоритмдерін әзірлеу арқылы заңсыз әрекетті көрсетуге мүмкіндік алуға болады.

Криптовалюта биржаларымен ынтымақтастық

Транзакцияларды қадағалау және күдікті әрекет болған жағдайда деректерді сұрау үшін криптовалюта биржаларымен және халықаралық крипто әмияндармен тікелей жұмыс жасауға болады.

Біз кіріспенің соңғы бөлімінде атап өткеніміздей, криптовалюта арқылы діни радикалды топтар қаржыландыруға оңай қол жеткізіп отыр. Сондықтан, елдің қауіпсіздік мәселесінде бұл саланы қадағалау маңызды болып отыр.

Тағы бір айта кетерлік жайт, елдегі жалған инвестициялық қорлар, жаңа қаржылық алаяқтық негізінен цифрлы активтер форматында жүрсе, есірткі саудагерлері де төлемді Bitcoin немесе USDT/USDC түрінде қабылдайды.

Дәстүрлі банктермен өзара әрекеттесу

Бүкіл дүние жүзіндегі банктік қаржы жүйесін айтсақ та, Қазақстандағы дәстүрлі банктерді айтсақ та криптовалюта нарығының өсуіне байланысты қиындықтарға тап болуда.

Қаржылық операциялардың белгіленген нормативтік талаптарға сәйкестігін қолдау және ақшаны «жуу» схемаларын болдырмау үшін банктер әртүрлі ішкі тәртіп-саясат пен рәсімдерді әзірлеп және енгізіп жатыр.

Қазақстандық банктердің криптовалюталық операцияларды бақылау саясаты:

  1. Клиентіңізді біліңіз (KYC) процедуралары: қазақстандық банктер криптовалюта операцияларымен айналысатын клиенттер туралы толығырақ ақпаратты талап ету арқылы KYC процедураларын күшейтуде. Бұл қаражат көздерін және оларды пайдалану мақсаттарын анықтауды қамтиды.
  2. Ақшаны жылыстатуға қарсы (AML) саясаттары: Банктерде, әсіресе транзакциялар белгілі бір шекті мәндерден асатын болса, криптовалюталарға қатысты күдікті транзакцияларды бақылау және хабарлауды қамтитын AML саясаты бар.
  3. Реттеуші органдармен ынтымақтастық: ақпарат алмасу және нормативтік құқықтық актілерді сақтау үшін Қазақстан Ұлттық Банкі және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сияқты қаржылық реттеушілермен өзара әрекеттесу.
  4. Мониторинг жүйелерін біріктіру: күдікті транзакцияларды, соның ішінде криптовалюталарға қатыстыларды анықтай және талдай алатын күрделі транзакцияларды бақылау жүйелерін енгізу.
  5. Қызметкерлерді оқыту: Банк қызметкерлерін криптовалюта тәуекелдері мен оларды анықтау әдістері туралы түсінігін жақсарту үшін үнемі оқыту.
  6. Криптовалюталармен транзакцияларға шектеулер: Кейбір банктер ықтимал тәуекелдерді бақылау үшін криптовалюта алмасуларына немесе валюталарға қатысты операцияларға шектеулер қоюы мүмкін.
  7. Халықаралық санкцияларды сақтау: Банктер криптовалюта операцияларының халықаралық санкцияларды бұзбауын қамтамасыз етуі керек, бұл геосаяси тәуекелдерді ескере отырып, кешенді тексеруді қажет етеді.

 

Әр түрлі елдерде криптовалюталарды реттеу және ақшаны жылыстатумен күресу тәсілдерін салыстырып көрейік.

Америка Құрама Штаттары

АҚШ-та криптовалюта операцияларын бақылауды бірнеше органдар жүзеге асырады. Ақшаны жылыстатуды қоса алғанда, қаржылық қылмыстар заңдар мен мекемелер желісімен, атап айтқанда АҚШ-тың қаржылық барлауымен (FinCEN) реттеледі, ол криптовалюта биржаларынан ақша қызметтері ретінде тіркелуді және ақшаны жылыстатуға қарсы ережелерді (AML) және «өз клиентіңді біл» (KYC) бағдарламаларын сақтауды талап етеді.

Мысал: есірткіні заңсыз сату және басқа да заңсыз мәмілелер үшін криптовалюталарды пайдаланудың бірқатар жағдайларынан кейін FinCEN криптовалюта компаниялары үшін есеп беру және бақылау талаптарын күшейтті.

Еуропалық Одақ

ЕО ақшаны жылыстатуға қарсы бесінші директиваны (AMLD5) енгізді, оған алғаш рет криптовалюта платформалары мен әмияндарды енгізді, олардан KYC тексерулерін жүргізуді және тиісті ұлттық органдарда тіркелуді талап етті.

Мысалы: AMLD5 неміс BaFin барлық криптовалюта операторларынан дәстүрлі қаржы институттары сияқты лицензия алуды және AML стандарттарын сақтауды талап ете бастады.

Швейцария

Швейцария өзінің либералды қаржылық заңдарымен танымал болғанымен, сенімді қаржы орталығы ретіндегі беделін сақтауға бағытталған күш-жігердің бір бөлігі ретінде AML және KYC бойынша қатаң шараларды қарастыратын криптовалюта компаниялары үшін нақты ережелерді енгізді.

Мысалы: швейцариялық FINMA қаржылық реттеушісі барлық криптовалюта провайдерлері үшін міндетті реттеуді, соның ішінде күдікті операциялар туралы егжей-тегжейлі есептерді енгізді.

Сингапур

Сингапур инновациялар үшін қолайлы жағдайлар жасай отырып, криптовалюталарға прогрессивті тәсілді қолданады, бірақ сонымен бірге өзінің – ақша операцияларын бақылау басқармасы (MAS) арқылы AML/KYC қатаң талаптарын белгілейді.

Мысалы: MAS криптовалюта биржаларына лицензиялауды және ақшаны жылыстатудың алдын алу шараларын қолдануды талап ететін кешенді Нұсқаулық әзірледі.

Қазақстан

Жақында Қазақстан криптовалюта секторын реттеуді әзірлеуді бастады. Ел жеңілдетілген салық салуды және блокчейн компаниялары үшін арнайы экономикалық аймақтарды енгізу арқылы криптоиндустрия үшін Аймақтық хаб болуға ұмтылады.

Мысалы: Қазақстан «Астана» арнайы экономикалық аймағында ұлттық криптовалюта хабын құруды ұсынды, онда қатысушылар AML/KYC халықаралық стандарттарын сақтауы тиіс.

Бұл мысалдар ақшаны жылыстатуды реттеу мен күресудің стратегиялары мен тәсілдері елдер арасында әр түрлі болғанымен, халықаралық деңгейде криптовалюта операцияларын бақылау мен ашықтықты күшейтудің жалпы тенденциясы бар екенін көрсетеді.

Қорытынды

Осы шағын журналистік зерттеу барысында біз ақшаны сыртқа шығару мақсатында, әсіресе Қазақстан экономикасы контекстінде криптовалюталарды пайдалануға байланысты көптеген аспектілерді қамтыдық. Елдегі криптовалюта нарығының ағымдағы жағдайын талдап, криптовалюта операцияларын реттейтін құқықтық базаны нығайту және қаржылық алаяқтыққа күдікті нақты жағдайларды қарастыру керек екенін айттық.

Негізгі нәтиже – қолданыстағы реттеу шараларына қарамастан, елге тіркелгені бар, тіркелмегені бар көптеген криптовалюта платформалары қаржылық манипуляциялар үшін «шетел асатын» арналарды ұсынуды жалғастыруда. Ашықтықтың болмауы, транзакцияларды қадағалаудағы қиындықтар және криптовалюта операцияларының жаһандық сипаты ақшаны жылыстатуға қарсы тұруға қиындық туғызып отыр.

Бұл зерттеудің қоғам үшін маңызы – криптовалютамен байланысты қиындықтар мен тәуекелдер туралы ақпараттық және қаржылық сауатты арттыру болып табылады. Мемлекеттік институттар үшін зерттеу нәтижелері криптовалюта нарығын мониторинг жасау мен реттеудің неғұрлым жетілдірілген тетіктерін дамыту, сондай-ақ трансшекаралық экономикалық қылмысқа қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттігін көрсетеді.

Біздің зерттеуіміздің ішінде айтылған кейбір ұсыныстар елдегі қаражатты криптовалюта жүйелері арқылы шетел асыруға қарсы күрестің неғұрлым тиімді стратегияларын әзірлеуде пайдалы болады деп сенеміз. Бұған заңнаманы жаңарту, халықаралық ынтымақтастық пен деректермен алмасуды күшейту және крипто-транзакцияларды бақылау және талдау үшін ең жаңа технологияларды қолдану кіреді.

Осылайша, біздің зерттеуіміз цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында қаржылық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдаудың өзектілігі мен маңыздылығын көрсетеді.

 

Автор: Мейіржан Әуелханұлы, журналист, IT маман