Алматыда №160-шы мектептегі сұмдық жағдайдан соң қаладағы барлық оқу орындарының күзет қызметі тексерілетін болды, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі. Полиция орта білім беретін оқу орындарының күзетшілерін, олар туралы ақпаратты толықтай тексеріп шықпақ. Алматы қаласында 350-ге жуық мектеп бар. Олардың 215-і мемлекеттің қармағына қарайтын мектептер.
«160 мектептегі жағдайға байланысты Алматы қаласының полиция департаменті барлық мемлекеттік мектептерге тексеріске шықты. Күзет қызметі бойынша келісім шарт, күзетшілер тізімі, олар туралы ақпаратты дайындап қою қажет! Сонымен қатар, күзет қызметі жұмысындағы кемшіліктер де дайындасын! Осының барлығын полиция қызметкеріне табыстау қажет және аудандық білім бөлімі Білім басқармасына жіберсін», -делінген хабарламада.
Еске салайық Қарасу ықшам ауданындағы №160-шы мектептің күзетшісі 12 жастағы қызды зорламақ болған. Оқушылардың қауіпсіздігіне жауапты күзет қызметіндегі сұмдық жағдайдан соң мектеп директоры жұмыстан қуылды. Мас күйінде оқушыға шабуыл жасаған күзетші қамауға алынды.