БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Теректі ауданына жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысы ең алдымен Ақсуат ауылдық округіне қарасты Магистральный ауылына аялдап, күні кеше салынған ауылға кіреберіс жолдың жай-күйімен һәм сапасымен танысты, деп хабарлайды Qazaq.today.
Одан әрі әкім сапары Ақсуаттағы «URAL Petroleum» ЖШС-нің мұнай өңдеу зауытында жалғасты. Жүз адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған зауыттың директоры Асқар Дүйсембаев алдағы жоспарларымен бөлісіп, өнім тасымалдауда Нидерланды, Түркия, Сауд Арабиясы секілді мемлекеттермен қарым-қатынас орнатқанын атап өтті.
Теректіге жұмыс сапары барысында облыс әкімі Покатилов ауылына да ат басын бұрды. Бүгінгі таңда Покатилов ауылына кіреберіс жолы жөндеуден өтуде. Он шақырым жолды жөндеу жұмыстарын «Ануш Құрылыс» ЖШС жүргізіп жатыр. Қазір 6 км жол жөндеу жұмыстары аяқталса, қалған жұмыстар қосымша қаражатты қажет етеді.
Өңір басшысы жасалынған жұмыстарды сынға алды. Мердігер компания басшысы Оганнес Минасянға ескерту беріп, сапаға мән беруді тапсырды. Аталмыш жоба облыс әкімінің жіті назарында болмақ.
Нариман Төреғалиев Теректідегі «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға қанықты. Аталмыш жобаны қарқынды жүзеге асыру Покатилов ауылында байқалады. Әкім «Adilzhol» жеке кәсіпкерлігі басшысы Әділбек Жолдасбековпен кездесті. Ауыл тұрғыны «Ауыл аманаты» жобасы аясында 8 млн теңге көлемінде несие алып, оған өз қаражатын қосып барлығы 18 бас симментал тұқымды ірі қара сатып алған. Ауласынан шағын қора салып шаруасын дөңгелетіп отырған Әділбек ауыл шаруашылығы бойынша жоғары білім алған. Яғни, өз ісінің маманы. Білім алып, одан кейін ауылды өркендету үшін жұмыстанып жатқан жас шаруаның ісі мығым, мақсаты айқын. Облыс әкімі теректілік Әділбек Жолдасбековтің жұмысына жоғары баға беріп, облыс шаруалары осы Әділбектен үлгі алса деген лебізін жеткізді.
Сапар соңында Нариман Төреғалиев жалпақ жұртшылықпен жүздесті. Жиынды жүргізген аудан басшысы Әлия Мұханбетжанова аудан әлеуеті жайында баяндама жасады.
— Ауданда биылға қойылған жоспарлардың бірқатары орындалды. Оны өздеріңіз көріп, біліп отырсыздар. Қазіргі таңда Теректі, Ақжайық, Подстепный ауылдық округтерінде көппәтерлі тұрғын үй салынуда. Сонымен қатар, Подстепный ауылдық округінде 1200 орындық мектеп, Абай және Үлкен Еңбек ауылдарында мектеп құрылысы жүріп жатыр. Биыл әлеуметтік нысандар толығымен газдандыру жүйесіне қосылды. Шалқар ауылдық округінде медициналық пунктті жыл аяғына дейін іске қосу көзделді. Алдағы жылы Шаған ауылдық округінде мәдениет үйін салуды жоспарлап отырмыз, —деді Әлия Биғазықызы.
Еркін диалог түрінде өткен жиында сауал қойып, мәселе көтергендер де бар. Айталық, Ұзынкөл ауылының тұрғыны Макка Мухсинова ауылдағы мектепке күрделі жөндеу қажет екенін жеткізді. «Бұл мектептің жөнделуі жоспарда тұр. 2025 жылы басталмақ», — деді өңір басшысы Н.Төреғалиев. Жиын соңы азаматтарды жеке қабылдауға жалғасты.
Qazaq.today