БҚО-да нан бағасы өспейді

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Умашев айтты, деп хабарлайды Qazaq.today.

Спикердің айтуынша, бірінші сұрыпты ұн бойынша халықтың айына қажеттілігі 518,3 тоннаны құрайды. Өйткені, өңірде ұн бағасы тұрақты. Ұнның орташа бағасы 213 теңге, ал 1 сұрыпты ұннан жасалған нан бағасы 153 теңге.

«Облыста 2 ірі ұн тартатын кәсіпорын жұмыс істейді. «Белес Агро» ЖШС-де жоғары сұрыпты ұн бағасы 205 теңге/кг, 1 сұрыпты ұн – 180 теңге/кг және макарон өнімдері – 275 теңге/кг. Ал «Желаев» АӨК» АҚ-да жоғары сұрыпты ұнның бағасы – 205 теңге/кг, 1 сұрыпты ұн – 168 теңге/кг, макарон өнімдері – 288 теңге/кг және бағалардың соңғы өзгерісі ағымдағы жылдың мамыр айында болды»,- деді Денис Молдағалиұлы.

Сондай-ақ спикер брифинг барысында нан бағасын тұрақтандыру мақсатында 2022 жылы облыстың ұн тарту кәсіпорындары «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ меморандум жасалғаны туралы айтты. Сонымен қатар, меморандум шеңберінде бір тонна бидай үшін 90 мың теңгеден есептеліп, көзделген 15,9 мың тонна азық – түлік бидайы толықтай сатып алынғанын, осы көлем үшін «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-на 399 345 мың теңге көлемінде субсидия төлегенін жеткізді.

Айта кетейік, облыста арзандатылған ұннан нан пісіретін 35 наубайхана жұмыс жасауда. Аталған наубайханалар облыстың ұн тарту кәіспорындарынан 1 кг 135 теңгені құрайтын ұнды алып, өз кезегінде пісірілген нанды 90 теңгеден сатуда.

Жалпы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында 5,3 млрд. теңге бөлінген, қазіргі уақытта азық-түлік тауарларының қоры 10 349 тоннаны құрайды. Тұрақтандыру қорының тауарларын (күріш, қарақұмық, күнбағыс майы) ірі сауда объектілеріне сату жүргізілуде. Облыстың барлық сауда желілеріне жеткізу шарттары жасалып, 65 – тен астам сауда нүктелерінде сатылуда.

 

Qazaq.today