ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 123,2 мың этникалық қазақ оралды.
«Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (53,6%) Өзбекстаннан, 19,6% – Қытайдан, 10,9% – Моңғолиядан, 7,8% – Ресейден, 5,9% – Түрікменстаннан және 2,2% басқа елдерден.
Осы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 61,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 30%-ды және зейнеткерлер 8,5%-ды құрайды», — делінген хабарламада.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,6%-ы жоғары білімді, 34,4%-ы орта кәсіби білімді, 41,2%-ы жалпы орта білімді.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
“Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 773 қандас қоныс аударды. Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде”, — деп мәлім етті министрлік.
Сондай-ақ, жыл басынан бері 918 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген. Атап айтқанда, 493 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 918 адам біржолғы субсидия алды, ал 383 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.
Qazaq.today