«Қазақстанның атын шығаратын жоба»: Б.Төлегенова атындағы байқаудың жеңімпаздары анықталды

Әзербайжандық опера әншісі Алматыда өткен байқауда бас жүлдені жеңіп алды. Бакуден келген Махир Тагизаде Бибігүл Төлегенова атындағы  ХІІ Халықаралық вокалистер конкурсының Гран-приі атанды. Бибігүл Төлегенова опера әншісіне арнайы төсбелгіден бөлек  5 миллион теңгені де табыстады. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен байқауға биыл 70-ке жуық өнер майталмандары келген еді. Олардың 14 финалдық бәсекеге өтіп, тоғызы түрлі жүлделерге ие болды. Конкурста  қазылар алқасының төрайымы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, қазақ классикалық өнерінің бұлбұлы, 95 жасқа аяқ басқан Бибігүл Төлегенованың өзі болды.

«Біздің вокалдық конкурстың барлық қатысушыларын, жас талантты орындаушыларды шын жүректен құттықтай отырып, осы байқауға қолдау білдірген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне және министр А.Балаеваға, Алматы әкімдігіне алғыс білдіремін. Олардың қолдауының арқасында конкурс ойдағыдай өтті. Халықаралық вокалистер конкурсы Бибігүл Төлегенованың жеке конкурсы емес, бұл Қазақстан туралы, ел мәдениетінің игілігі. Конкурс ең алдымен Қазақстанның атын шығаратын жоба. Біз тек мұнаймен, газ, уран және бидайымызбен ғана бай емеспіз, біз мәдениетімізбен, жоғары деңгейдегі классикалық өнерімізбен де баймыз. Бұл байқау Орталық Азия елдеріндегі классикалық өнердегі жалғыз жоба болғандықтан біздің конкурсқа қатысу үшін алыс және жақын шетелдерден көптеген талант иелері келіп, кәсіби опера және концерттік камералық әншілер жиналады. Бұл біз үшін жетістік, қуаныш. Биылғы конкурс әдеттегідей жоғары деңгейде өтті. Конкурста жаңа есімдер аталды, классикалық өнердің жас қарлығаштары қанаттарын қақты және олар Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер конкурстының лауреаттары атанады. Бұл дегеніміз Қазақстанның мақтанышы. Дәл осы конкурстың лауреаттары әлемдік сахнаға шығып, Қазақстаннан шыққан әншілер еліміздің атын шығарады», -деді Бибігүл Төлегенова. 

Халықаралық вокалистер конкурсы 2001 жылдан бері әр екі жыл сайын өткізіліп тұрады. Биыл он екінші рет өткізіліп отырған конкурсқа 70-тен астам өтініш келіп, оның 66-сы қатысты. Әлемнің 11 елінен келген жас таланттар бақтарын сынады. Қазақстанның, Ресей, ҚХР, Чехия, Люксембург, Италиядан әлемдік опера өнерінің майталмандарынан тұратын жоғары деңгейдегі кәсіби халықаралық қазылар алқасы қатысушылардың өнеріне баға беріп, үздіктерін анықтады.

«Қуанышым қойныма сыймай тұр, бұл конкурсқа үш рет қатысқым келсе де бірде бір жол түспеген еді. Енді міне жеңімпаз атандым. Мен өз елімдегі және басқа да көптеген халықаралық конкурстарға қатысқанмын. Бұл жолы Алматыда Бибігүл Ахметқызының Отанында өткен байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Қазақстанды екінші үйім деп санаймын. Конкурс талабы бойынша біз қазақ романсын орындадық, одан өзге өзімнің жеке қалауым бойынша финалда «Абай» операсынан ария орындадым. Қазақтың классикалық музыкасын орындау жаныма рахат сыйлайды», — деді Бибігүл Төлегенованың ХІІ Халықаралық вокалистер конкурсының жеңімпазы Махир Тагизаде.