Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты мектеп ауласында былапыт сөздер айтып, кәмелетке толмаған балаларға тиіскен (ҚР ӘҚБтК 434-б. 1-б.) облыс тұрғынына қатысты істі қарады, деп хабарлайды Qazaq.today Halyq-uni-не сілтеме жасап.
Сотта ер адамның 2023 жылдың 14 қыркүйегінде Кенжекөл орта мектебінің ауласында айналасындағыларға сыйламаушылық білдіріп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, кәмелетке толмаған балалардың мазасын алып, ұсақ бұзақылық жасағаны анықталды.
Сот отырысында азамат кінәсін толық мойындады. Сонымен қатар оның кінәсі учаскелік полиция қызметкерінің баянатымен, куәлардың айғақтарымен дәлелденді.
Сот оны ӘҚБтК 434-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындады.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Бұдан бұрын ер адамның бірінші сынып оқушыларын үйіне шақырғаны белгілі болды. Бұл туралы оқушының анасы шағымданған.
Qazaq.today