«Бауыздап тастаған»: Алматы облысында әйелді екі баласымен бірге өлтірген күдікті іздестіріліп жатыр

Алматы облысында жантүршігерлік жағдай орын алды. Ашулы еркек  азаматтық некеде тұрып жатқан әйелін екі баласымен бірге бауыздап тастаған. Қылмысын жасыру үшін мүрделер жатқан үйді де өртеп жіберген. Сұмдық жағдай Іле ауданының Ашыбұлақ ауылында орын алды. Ал полиция күдіктіні әлі қолға тсүірмеген.
Қаскөй үш адамды өлтіріп, айғақтарды жою үшін үйге өрт қойған. Өртенген үйді көршілері көрген.

«Аталған дерек аудандық полицияда ҚР ҚК 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта күдіктіні анықтау және ұстау бойынша жедел іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Бүкіл аудандық полиция бөлімшелеріне және көршілес өңір полициясына ақпарат жолданды», — деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.

Оның айтуынша, түпкілікті процестік шешім қабылдау үшін барлық қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу шаралары жүріп жатыр. Өрттен кейін зорлық-зомбылық белгілері бар К. есімді азаматша мен оның екі баласының мәйіті табылған. Мүрделер 1981 жылы туған азаматшаға, 2010 жылы туған қызы мен 2015 жылы туған ұлына тиесілі  болып шықты.

«ҚР ҚІЖК 201-бабы бойынша тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды»,- деп атап өтті облыстық департамент басшысы.