«Хабарым бар. Ресми түрде рұқсат берілген. Осы айдың басында-ау деймін. 300 мыңға жуық киікті атуға болады делінген. Бірақ содан кейін етін, мүйізін қайда жіберетінін, қалай пайдаланатыны әлі шешілмеген сыңайлы», — деді Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.
Соңғы санақ бойынша еліміздегі ақбөкен саны 2 миллионға жетіп жығылған. Әсіресе батыс аймақтардағы шаруалардың егістігін отап, берекесін алғаннан кейін Президент жауапты ведомстваға тиісті шешім шығаруды тапсырған-ды. Одан бері салаға жауапты министр екі рет ауысып үлгерді.
Экология министрлігі «шетелден ғалымдар алдырып, талқылаймыз» дегенше, биыл облыс шаруаларына киіктен келген залал 8 мл теңгеге жуықтаған. Ақбөкендер 1 млн 284 мың гектар жайылым-шабындықты таптап, 5 мың гектар егінді отап кетіпті. Қазір тиісті есеп-қисап Үкіметке жіберілген.
«Сол аумаққа жақын үш ет комбинатымен әзірліктері пысықталып жатыр. Бұл үш комбинат тәулігіне 1900 басқа дейін соя алатын мүмкіндік көрсетіп отыр. 4 мың тонналық тоңазытқыш камералары істеп тұр. Бұл – Жаңақаладағы ет тоңазыту комбинаты және Ақжайық ауданында орналасқан ет сою орны. Сондай-ақ ертең науқан басталған уақытта Кублейде өңделетін болады», — деді БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин.