Барбастауда жаңа ФАП ашылды

БҚО-ның Теректі ауданындағы ең үлкен ауылдық округ саналатын Подстепныйға қарасты Барбастау ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылып, жергілікті тұрғындарға қуаныш сыйлады, деп хабарлайды Qazaq.today.

Былтыр ҚР Президенті Қ.Тоқаев білікті кадр даярлау ісі мен профилактикалық жұмыс күшейтіледі, ауыл медицинасы қалпына келтіріледі деген болатын. Осы сөздің тікелей дәлелі деп Барбастаудағы игі істі атап өтуге болады.

Фельдшерлік-акушерлік пункт ашылуына БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнара Абдрахманова, Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова, Теректі аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев және жергілікті тұрғындар қатысты.

Аталмыш нысанның бір ауысымда 13 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Мыңға жуық адам тұратын Барбастау үшін медициналық пункт ауадай қажет-тұғын. Нысанның құрылысына және толықтай жабдықтармен қамтамасыз етілуіне 153 млн. теңге қаражат жұмсалып, мердігер «Альтаир» ЖШС өз жұмысын сапалы жасаған. Серіктестік директоры Нұрлан Қуанғалиев су жаңа медициналық нысанның символикалық кілтін Теректі аудандық орталық ауруханасының директоры Дархан Хайрушевке салтанатты түрде ұсынды.

Жалпы, Президент Жолдауына сәйкес, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысы бойынша 2025 жылға дейін ауылдық елді мекендерде 50 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының (дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, медициналық пункт) құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда 2023-2024 жылдарға жоспарланған 24 медициналық нысандардың 12-сі бойынша мердігерлер анықталып, құрылыс жүруде, жылдың соңына дейін құрылыс аяқталады.

Одан бөлек, «TurarHealthcare» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен облыстың 3 елді мекенінде эталондық жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Олар: Ақжайық ауданының Базартөбе ауылында дәрігерлік амбулатория, Бөрлі ауданының Қарағанды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт және Қаратөбе ауданының Үшағаш ауылында медициналық пункт. Келісім шарттарының құны 15,7 млн. теңге.

2017-2022 жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде меценаттар қаражатынан және бюджет есебінен 10 медициналық нысан салынды, 17 нысан күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, 2023 жылы «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында және  жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 22 медициналық ұйым объектісіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, соның ішінде 19 объект ауылдық жерде.

 

Qazaq.today