7 қыркүйек күні Орал қаласындағы Сырым Датов көшесіндегі жасыл бульварда ағаштар отырғызылды. Қала күні қарсаңында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, қала әкімі Миржан Сатқанов қатысты, деп хабарлайды Qazaq.today.
Орал қалалық ТҮКШ-нің басшысы Азамат Халелов қаламызды көркейту мақсатында тал-терек отырғызу жұмыстары басталып, бүгінге дейін отыз шырша егілгенін, олардың қатары бүгін тағы 30 шыршамен толығатынын айтты.
Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов қаланы абаттандыру және көгалдандыру мақсатында жылына 6-7 мың түп ағаш егілетіндігін мәлімдеді.
– Қаламызды көгалдандыру мақсатында биылғы жылы көктемде 3000-нан астам ағаш ектік. Биыл күзде екі мыңнан астам тал-терек отырғызу жоспарланды. Мақсатымыз – жылма –жыл 6-7 мың арасында ағаш егіп қаламызды одан әрі көркейту. Орал – әу бастан жасыл қала. Бірақ соңғы кезде ағаштарымыз қартайып, сынып, құлап жатыр. Сондықтан қаламызға эстетикалық өң беру үшін 3 метрлік шыршаларды Ресейден әкеліп, отырғыздық бүгін. Бұл алаң былтыр ашылды. Әрі қаламыздағы маңызды транзиттік жолдың бойы. Шырша ағаштарын қаламыздың азаматтары демеушілік жасап алып берді. Ендігі мақсат – осы жасыл желектерімізді уақытында суарып өсіру. Алдағы уақытта да қаламыздың шағын аудандарында тал-терек отырғызу жұмыстарын жалғастыра береміз, – қала әкімі Миржан Сатқанов.
Қала тұрғыны Сатыпалды Құспанов жыл сайын жаңарып, жасарып келе жатқан өз көшесін мақтан ететінін айтты.
–Қаланы көркейту үшін көп жұмыс жасалуда. Күн сайын серуенге шыққанда ағаштарды санаймын. Бір-екі күн бұрын санағанда 50-еді. Қазір көбейіп кетті. Бес жыл бұрынғымен салыстыруға келмейді. Қала тұрғындарының демалуына бар жағдайды жасап жатқан облыс, қала әкімдеріне ризамын, – дейді қала тұрғыны.
Qazaq.today