Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың дерегінше, өңірдегі 2 қала мен 416 ауылдық елді мекенде 371 мектеп жұмыс істейді. Сол 371 мектептің 217-сі шағын жинақты (58,4 пайыз). Оған қоса өңірде әлі күнге дейін саман тастан, ағаштан салынған 48 мектеп бар, деп хабарлайды Qazaq.today.
Облыс орталығы — Орал қаласы бас жоспарға сәйкес дамуда. Халықтың көптеп көшіп келуіне байланысты шаһардың оңтүстік-батыс (Зашаған), солтүстік-шығыс (бұрынғы 4, 5, 6, 7, 9, қазіргі 10-шы мөлтек аудандар) бөліктерінде мектеп тапшылығы қатты сезілуде. Сәйкесінше, осы бағыттарда үш ауысымды мектептер саны ұлғаюда. Сонымен қатар, қала орталығында 2 апатты мектеп тұр.

-Енді осы мәселені қалай шешудеміз, соған тоқталып өтейін. 2023 жылдың басынан облысымыздың 7 ауданында 16 шағын жинақты мектеп салынып жатыр. 8 мектеп 60 орындық, қалған 8-і 108 орындық мектептердің жобалық-сметалық құжаттамаларын өткен жылы жасақтадық. Таяуда соның алғашқысы Бәйтерек ауданының Жалын мектебі ашылды. Қаржы көздері: 15 мектеп ҚПО б.в. компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі аясында, 1 мектеп (Қаратөбе ауданы, Шалғын ауылы) жергілікті төтенше жағдайларға арналған резерв бюджетінен. Мемлекет басшысының тапсырмасымен “Жайлы мектеп” ұлттық пилоттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары БҚО-да 18 мектеп салынады. Оның 9-ы Орал қаласында, қалған 9-ы аудандарда. 18 жайлы мектеп екі ауысымда 32 400 баланы қабылдайды. Оралдағы 8 мектеп, сәйкесінше, Зашаған пен солтүстік-шығыс бағытта салынады. Бір мектеп қала орталығындағы апатты мектептің орнына салынады, — деді Б.Нарымбетов.
Бұдан бөлек облыста республикалық бюджет есебінен тағы да бірнеше мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның біреуі облыс әкімінің қатысуымен Казталов ауданының Жұлдыз ауылында ашылды. Бұдан бөлек Казталов ауданы орталығындағы 600 орындық Алма Оразбаева атындағы мектеп биыл қараша айында ашылады деп күтілуде. Сонымен бірге жақын арада қаладағы бір мектептің қаржыландыру бойынша құжаты республикадан күтілуде. Нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін Батыс Қазақстан облысында қазіргі таңда қаражаты шешілген 36 мектеп салынады. 23 мектеп 2023 жылы салынуда.
Qazaq.today
