Балалар жағдайы адам төзгісіз лагерлерде демалған

Жетісу облысының жазғы лагерлері адам шошырлық жағдайына қарамастан балаларды қабылдап алған. Облыс прокуратурасы 9 балалар лагеріне тексеріс жүргізіп, мекеме басшыларының заңды өрескел бұзғанын анықтады. Тексерілген демалыс орындарының бәрі заң талаптарына сәйкес келмеген, деп хабарлайды Qazaq.today.

Мысалы, «Қарлығаш» лагері (Көксу ауданы) қауіпсіздік сертификаты жоқ, ветеринариялық-санитарлық сараптамасы жоқ, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға қайшы келетін азық-түлікті сатып алған. Балалардың күнделікті тамақтану нормалары сақталмаған. Ас мәзірінде жаңа піскен көкөністерден жасалған тағамдар қарастырылмаған. Лагерьлердің бәрінде дерлік өрт қауіпсіздігі сақталмаған.

Өрт сөндіру құралдары: өрт сөндіргіштер мен өрт гидранттары жоқ, өрт кезінде эвакуациялық жолдармен қиындықсыз шығу қамтамасыз етілмеген»,  — деді прокуратураның баспасөз қызметі.

Кейбір лагерьлерде мерзімі өткен дәрі-дәрмектер сақталған.

Балалардың лагерьлерде тұруы мен бос уақытын өткізу жағдайы да техникалық нормалар мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді.

«Негізгі (ғимараттар, үйлер) және қосалқы (ас үй, жуынатын бөлмелер және т.б.) лагерь ғимараттары тозған, күрделі жөндеуді қажет етеді. «Шағала» лагерінде (Алакөл ауданы) ойын-сауықтыру кешендері мүлдем жоқ.

Сонымен қатар Текелі қаласындағы лагерьлердің бірінде «Параноидты шизофрения» диагнозымен есепте тұрған медицина қызметкері анықталды. Тексеру іс-шаралары жалғасуда. Барлық анықталған заң бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау шаралары қабылданады»,- деді ведомствоның баспасөз қызметі.

 

 

Qazaq.today