БҚО ӨКҚ алаңында өткен кезекті брифингте «Мерейлі отбасы — 2023» Ұлттық конкурсының 10 жылдығын мерекелеу туралы айтылды. Брифингке облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Ранида Ашенова мен «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Есқалиева қатысты, деп хабарлайды Qazaq.today.
Р.Ашенованың айтуынша, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталып, 2013 жылдан бастап өткізіліп келеді. Содан бері республика бойынша байқауға 20 мыңнан астам отбасы қатысқан. Биыл конкурстың 10 жылдығына орай жеңімпаздарды марапаттау рәсімін қыркүйек айында Мемлекет басшысының қатысуымен өткізу жоспарланып отыр.
—«Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының 10 жылдығына арналған іс-шаралар біздің облысымызда да кеңінен ұйымдастырылады. Мәселен, жыл ішінде «Алтын шаңырақ» (50 жыл бірге), «Күміс кереге» (40 жыл бірге) номинациялары бойынша өнегелі отбасылар марапатталады. Отбасы және демографиялық саясат саласына үлес қосқан мамандар мен сарапшыларды облыс, қала әкімдерінің атынан марапаттау рәсімдері өтеді.Сонымен қатар, БАҚ-та отбасы мәселелері бойынша сарапшыларды, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаттарын, медиа тұлғаларды және т.б. телебағдарламаларға талқылауға шақыру, «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының 10 жылдығына арнайы сюжеттер, бағдарламалар шығару, республикалық және өңірлік телеарналарда Ұлттық байқауға қатысқан отбасылар, көп балалы, жетістікке жеткен отбасы мүшелері туралы арнайы сюжеттер шығару, республикалық және өңірлік баспа БАҚ-та (газеттерде, журналдарда) Ұлттық байқауға қатысқан отбасылар, көп балалы, жетістікке жеткен отбасы, сондай-ақ табысты тұлғаларды, кәсіпкерлерді, қоғам қайраткерлерін, белгілі спортшыларды, музыканттарды тәрбиелеген отбасылар туралы арнайы мақалалар жариялау, қала, аудан көшелеріндегі афиша, билборд, жарнамалық плакаттарға «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының 10 жылдағы барлық өңірлік жеңімпаздары, лауреаттары туралы ақпарат жариялау, сауда ойын-сауық орталықтарында фотоларын орналастыру, әлеуметтік желілерде «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы туралы табысты тұлғалардың, кәсіпкерлердің, қоғам қайраткерлерінің, танымал спортшылардың, музыканттардың отбасыларының қатысуымен жаппай челендждер өткізу жоспарланған, — деді Р.Ашенова.
А.Есқалиева басқаратын «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігі осы байқауды облыс аумағында 2013 жылдан бері тұрақты ұйымдастыруда. Ағымдағы жылдың 16 тамыз күні Н.Островский атындағы орыс драма театрында облыстық кезең жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтпек.
—Облыс бойынша 10 жылдың ішінде ұлттық байқаудың кезеңдеріне 2000-нан аса отбасы қатысты. Биыл облыс бойынша 200-ден аса отбасы өтініш білдіріп, 21 отбасы облыстық кезеңге жолдама алды. Олардың материалдарын арнайы комиссия қарап, жүлделі орындар мен арнайы сыйлықтар тағайындады. Биылғы шарамызда облыстық кезеңнің 1 орын иегері отбасына — арнайы диплом мен 1 000 000 теңге сертификаты, 2 орын иегері отбасына — арнайы диплом мен 700 000 теңге сертификаты, 3 орын иегері отбасына — арнайы диплом мен 500 000 теңге сертификаты, қалған қатысушыларға арнайы сыйлық пен алғыс хат табысталатын болады. Үздік шыққан бір отбасы қыркүйек айында Астанада өтетін республикалық кезеңге жолданады, — деді А.Есқалиева.
Qazaq.today