Алматы тұрғыны кәсіпкерден 390 мың доллар бопсалаған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кәсіпкерді пара беруге итермелеген Алматы қаласының тұрғынын әшкереледі, деп хабарлайды Qazaq.today Halyq-uni-не сілтеме жасап.

Ол өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырып, кәсіпкерлік субъектісіне қатысты тексерудің болып жатқаны туралы жалған ақпарат берген. Күдікті өзінің делдалдық қызметін ұсынып, мәселені шешу үшін 390 мың АҚШ долларын талап еткен.

Кәсіпкер алаяқтық әрекетті сезіп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарласқаннан кейін, күдікті параны алу кезінде ұсталды.

Сондай-ақ, күдіктінің тұрғылықты жерін тінту кезінде тағы 470 мың АҚШ доллары табылды.

Олардың қайдан алынғаны және ұсталған адамның басқа қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Сот күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасын тағайындады. Тергеу жалғасуда.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Qazaq.today