Инвестициялық ахуалды жақсарту және аудан экономикасына жеке инвестицияларды тарту-біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі. Осылай деп мәлімдеді БҚО Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов баспасөз конференциясында.
2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ауданға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 4 млрд. 762 млн. теңгені құраған. Былтырғы жылдың осы кезеңмен салыстырғанда инвестициялардың жалпы көлемі 49,6% — ға ұлғайған.
«Жыл өткен сайын біздің бай тарихымызды көріп, білуге келетін қонақтар саны артуда. Осыған байланысты, Хан Ордасы ауылында «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында «Mirsat Sary» жеке кәсіпкері Hostel қонақ үйінің құрылысын бастаған болатын. Құрылыс жыл соңында аяқталмақ.
Ауданда қоғамдық тамақтану орындары мен мейрамханалардың құрылысы да жақсы дамып келеді. Аудан орталығы Сайқын ауылында «Ел-Дәулет» шаруа қожалығы 400 орындық мейрамхана салуды бастаса, Хан ордасы ауылында жеке кәсіпкері «Бахитова» 50 орындық тамақтану (асхана) салып жатыр»,-деді аудан басшысы.
Әкімнің айтуынша, алдағы уақытта өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласына 118,5 млн теңге көлемінде инвестициялар тарту көзделген. Оған түрлі бағыттарда шағын цехтар ашу, «бір ауыл — бір өнім» пилоттық жобасын іске асыру, елді мекендерде наубайханалар ашу, жол бойындағы қызмет көрсетуді жетілдіру және орталықтандырылған сауда үйлерін ашу жоспарланып отыр.
«Жыл аяғына дейін жалпы өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласы бойынша 11 жоба іске асырылып, 26 жаңа жұмыс орны құрылады. Бюджеттік инвестицияларға тоқталсам, көлік инфрақұрылымы бойынша 5, құрылыс саласында 4, денсаулық сақтау, мәдениет және білім беру бойынша 4 және әлеуметтік объектілерді газдандыру бойынша 3 жобаны іске асыру арқылы 3 млрд. 616,9 млн. теңге мөлшерінде инвестициялар тарту көзделуде. Жобалар аясында 91 жаңа жұмыс орны ашылады»,-дейді әкім.
Фото: ғаламтордан
Qazaq.today