Бүгін ІІМ «Дикий Арманның» қылмыстық тобының 80-нан астам мүшесі ұсталғанын мәлім етті. Олардың қатарында белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі Нұржан Иманәлиев те бар, деп хабарлайды Qazaq.today Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, топтың өзге мүшелерімен бірге «Дикий Арманның» «Нойс» лақап атымен танылған оң қолы да ұсталған.
БАҚ Нұржан Иманәлиевтің белгілі ақын, блогер Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі екенін жарыса жазып жатыр.
Оның халықаралық іздеуде екендігі де хабарланды.
Әлеуметтік желілерде «Дикий Арманның» мен «Нойстың» бірге түскен суреттері көп, фотолардан олардың тығыз байланыста болғанын аңғаруға болады.
Еске салайық, «Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев былтыр 7 қаңтарда ұсталған болатын.
Кейін ҚР Бас прокуратурасы «Дикий Арманның» Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторында отырғанын мәлімдеді. Содан бері оны қамауда ұстау мерзімі тоқтаусыз ұзартылып келеді.
«Дикий Арманмен» бірге «қаңтар оқиғасы кезінде наразылық білдірушілердің басын қосып, топ ұйымдастырды» деп айыпталған Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген порталымызға тергеу камерасынан жолдаған жазбаша жауабында қаңтар оқиғасы жайлы өз нұсқасын айтып берген еді.
Сондай-ақ, жуырда адвокат Олег Чернов өз қорғауындағы Арман Жұмагелдиев азаптау ісінде жәбірленуші ретінде танылғанын мәлімдеді.
Qazaq.today