БҚО-ның Казталов ауданында ұжымдық бау-бақша қолға алынды

30 маусым күні БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов есеп беріп, өзі басқаратын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды.

Оның айтуынша, ауданда ауыл шаруашылық құрылымдарының саны 994-ке жеткен. Соның ішінде 64 шаруашылық асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын, 24 шаруашылық асыл тұқымды қой және 4 шаруашылық асыл тұқымды көшім  жылқысын өсірумен шұғылданады. Шаруашылықтар малға селекциялық және асылдандыру жұмыстарын жүргізгені үшін соңғы үш жылда 3 млрд. 941 млн. теңге субсидия алды. Ауданда сыйымдылығы 1000 бас сертификатталған «Мясная индустрия» ЖШС және «Барыс» шаруа қожалығында ірі қараны бордақылау алаңдары жұмыс жасап тұр.

Оған қоса Ақпәтер ауылдық округіндегі «Ер-Қожа» шаруа қожалығы 168 млн. теңгеге түркиялық «AFKO» компаниясынан фрегат типті 2 дана PIVOT жаңбырлатқыш машиналарын сатып алып, 156 га жерге судан шөбін егіп, 500 тонна өнім алуды көздеуде.

Ауданда «Менің аулам – менің бағым» жобасы аясында 2022-2023 жылдары жеке тұрғындар, кәсіпкерлер, бюджеттік мекемелер және ұйымдар барлығы 8237 түп жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызды. Биыл жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері ұжымдық бау-бақша егуді қолға алып, 3 га жерге картоп салды.

Жалпы, соңғы үш жыл ішінде жалпы сомасы 2 млрд. 585 млн. теңгені құрайтын 737 бірлік жаңа техника сатып алынды. Оның ішінде лизинг арқылы — 471, агробизнес бағдарламасы арқылы — 95 және 171 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары өз қаражаттары есебінен алынды. Ауыл шаруашылығы техникаларына 953 млн. теңге инвестициялық субсидия берілді.

«Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 247 млн. теңгені құрайтын 41 өтінім мақұлданып, 53 млн. теңгені құрайтын 4 өтінім қаржыландыруды күтіп отырса, сүтті бағытта мал алуға 3 адамға 26 млн. теңге несие берілген.

-Ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің 1956 субъектісі тіркелген. Кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндердің саны 2455 адам, ол ауданның экономикалық белсенді халқының 15 пайызын құрайды. Биыл «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант» бағдарламасы бойынша 54 адам 42,9 млн. теңге грант алды. Ауданда 6 ауылдық округте   наубайхана жұмыс істеп, 7 ауылдық округте бие сауылады. Аудан орталығында және Жалпақтал ауылында ай сайын  жәрмеңкелер ұйымдастырылып, ауылшаруашылық өнімдері сатылуда, — деді А.Сарқұлов.

Соңғы 3 жылда аудан бойынша жалпы құны 2 млрд. 862 млн.теңгені құрайтын 95 жеке инвестициялық жобалар іске асырылып, 284 адамға тұрақты жұмыс орындары ашылыпты. Ірі жобаларды атап айтсақ: 80 орындық жеке балабақша, «Нефтэк» көпбейінді жану-жағармай құю бекеті, супермаркет, компьютерлік оқыту-робототехника және фотостудия орталығы.

Биыл жалпы құны 501 млн. теңгені құрайтын 28 жобаны іске асыру жоспарланып, қазіргі таңда 211 млн. теңгені құрайтын 13 жоба орындалып, 23 жұмыс орыны ашылған.

Ауыл тұрғындарының жеке қорасындағы мал басы жылдан жылға көбеюде. Осыған байланысты ауданда жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі бар. Халықтың жайылымдық алқаптарға мұқтаждығын қамтамасыз ету мақсатында ауданның қордағы жерінен 163 362 га жер учаскелері резервке қойылды. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарына сәйкес 22 280 га құрайтын 18 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.